«Реал» жұлдызы «Алтын допқа» лайық екенін айтты: бұл қаншалықты орынды?
Килиан Мбаппе Чемпиондар лигасының бірінші турында «Интерге» қарсы өтетін матч алдында «Алтын допты» жеңіп алу мүмкіндігі туралы пікір білдірді. Матч алдындағы баспасөз мәслихатында «Реал» шабуылшысы өзін жүлдеге басты үміткерлердің бірі санайтынын аңғартты, алайда соңғы шешімді дауыс беретін журналистер қабылдайтынын атап өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Әлемдегі ең үздік клубта ойнасаң, сені бәрібір «Алтын доппен» байланыстырады. Көшеде де адамдар бұл туралы жиі айтады. Әрине, кез келген футболшы мұндай жүлдені алғысы келеді. Өткен жазда футболдағы ең маңызды турнирдің тарихында өз ізімді қалдырдым, бірақ алда әлі ұзақ жол бар. Соңында әркім кімнің үздік екенін өзі шешеді», - деді Мбаппе.
Француз футболшысы өзін әрдайым жоғары деңгейдегі ойыншы ретінде сезінетінін де жасырмады. Дегенмен оның пікірінше, барлығы бірдей онымен келісуге міндетті емес.
«Өзімді ең үздік сезінемін бе? Иә, мен әрдайым сондай сеніммен алаңға шығамын. Бірақ әркімнің өз пікірі бар. Біреу келіседі, біреу келіспейді - бұл қалыпты нәрсе. Биыл менің «Алтын допқа» мүмкіндігім бар шығар, бірақ бәрін дауыс беретін журналистер шешеді», - деп қосты шабуылшы.
Статистикаға қарасақ, Мбаппенің уәжі салмақты. 2025/26 маусымында ол «Реал» сапында барлық турнирде 44 матч өткізіп, 43 гол соқты және 6 нәтижелі пас берді.
Ла Лигада француз 31 кездесуде 25 рет мергендік танытып, қатарынан екінші маусым Пичичи жүлдесін иеленді. Бұған қоса, Чемпиондар лигасында 15 голмен турнирдің үздік сұрмергені атанды.
Сондықтан Мбаппенің «Алтын допқа» қатысты сөзі жай ғана өзіне сенімділік емес. Жеке көрсеткіштері бойынша ол мансабындағы ең мықты маусымдардың бірін өткізді және жүлдеге негізгі үміткерлердің қатарында қалды.
Жаңа маусымды да Мбаппе қарқынды бастады. Ла Лига-2026/27 аясындағы алғашқы төрт матчта ол төрт гол соғып үлгерді.