«Реал Мадрид» - «Әл-Хиләл» - 1-1 .Вальверденің пенальтидегі фиаскосы және Бунуның ерлігі. Голдар және матчқа бейнешолу
18 маусымнан 19-на қараған түні Майамидегі «Хард Рок» стадионында клубтар арасындағы әлем чемпионатының H тобы аясындағы алғашқы кездесу өтті. Алаңға шыққан мадридтік «Реал» мен Сауд Арабиясының үздігі – «Әл-Хиләл» 1:1 есебімен тең ойнады.
Бұл матч екі команданың да жаңа бапкерлері үшін алғашқы сынақ болды. «Реалды» алғаш рет бас жаттықтырушы ретінде Хаби Алонсо басқарса, «Әл-Хиләлдің» тізгінін енді ұстаған италиялық Симоне Индзаги де ресми түрде дебют жасады.
Ойынның алғашқы бөлігінде басымдық «Реалдың» еншісінде болды. 34-минутта жас шабуылшы Гонсало Гарсия мадридтіктердің осы турнирдегі алғашқы голын соғып, есеп ашты. Алайда жеті минуттан кейін «Әл-Хиләл» таразы басын теңестірді — Рубен Невеш пенальтиден мүлт кеткен жоқ.
Екінші таймда испандық ұжым шабуылдарын үдете түсті. Кездесудің соңғы минуттарында «Реал» тағы бір пенальти иеленді. Бұл жолы допты Федерико Вальверде тепті, бірақ «Әл-Хиләлдің» қақпашысы Яссин Буну керемет сейв жасап, командасын жеңілістен сақтап қалды.