Хаби Алонсо: Бірінші тайм сәтсіз өтті, бірақ бұл «Реал» үшін маңызды сабақ
Мадридтің «Реалы» бас бапкері Хаби Алонсо Сауд Арабиясының «Әл-Хилялімен» болған кездесудің қорытындысы бойынша өз ойын білдірді.
Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
«Корольдік клуб» сапында жалғыз голды 34-минутта Гонсало Гарсия соқты. Алайда араға көп уақыт салмай, қарсылас команда 41-минутта пенальтиден есепті теңестірді.
– Бірінші тайм біз үшін сәтсіз болды. Команда өз ойынын таба алмады. Ал екінші таймда жағдай жақсарды: допты жиірек бақылап, шабуылда белсендірек әрекет еттік. Маған алғашқы 45 минуттағы ойынымыз ұнамады, бірақ дәл осындай кездесулер біз үшін үлкен сабақ бола алады. Бұл – бізге одан әрі даму үшін берілген белгі. Алда ұзақ жол күтіп тұр, ойынның көптеген тұстарын жетілдіру керек, – деп келтірді Алонсоның сөзін ФИФА сайты.
«Реал» келесі ойынын 22 маусымда Мексиканың «Пачука» клубына қарсы өткізеді. Бұл – Клубтық әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші тур. Ал 27 маусым күні мадридтіктер топтағы соңғы кездесуін Австрияның «Ред Булл Зальцбургымен» өткізеді.