«Реал» испан футболының жетекші басшыларының бірін дереу отставкаға кетуге шақырды
Мадридтік «Реал» Испания Ла Лигасының президенті Хавьер Тебасты дереу отставкаға кетуге ресми түрде шақырды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қақтығысқа Тебастың мәлімдемелері себеп болды. Ол мадридтік клуб басшылығы мен клубтың Real Madrid TV телеарнасының жұмыс әдістерін нацистік Германияның үгіт-насихат министрі болған Йозеф Геббельстің пропагандалық тәсілдерімен салыстырған.
«Реал» клубы мұндай мәлімдемелерге жол беруге болмайтынын әрі олардың қорлау сипатында екенін айтып, мұндай риториканың Испания футболындағы басшылық қызметтермен үйлеспейтінін атап өтті.
Клуб сонымен қатар Тебасты мадридтіктерге жүйелі түрде шабуыл жасайды және бейтараптық танытпайды деп айыптады. Мәлімдемеде бұрынғы жоғары лауазымды төрешілер корпусы өкіліне «Барселонаның» төлемдеріне қатысты Негрейра ісіне де ерекше назар аударылды.
«Реал» басшылығы Тебастың Ла Лига президенті қызметінен ғана емес, Испания корольдік футбол федерациясының вице-президенті лауазымынан да кетуін талап етті.
Айта кетейік, мадридтік клуб пен Испания чемпионатының басшысы арасындағы текетіреске бірнеше жыл болды.