«Клуб жойылудың алдында тұр»: Қазақстан құрамасының футболшысына ерекше өтініш жасалды
Түркиялық «Адана Демирспор» футбол клубының жанкүйерлері Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Аймбетовке командаға қатысты қаржылық талаптарын қайта қарау туралы өтініш жасады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Мұндай өтінішке клубтың ауыр қаржылық жағдайы себеп болды. Команда қомақты қарыздар мен Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) санкцияларына тап болған.
Жанкүйерлердің айтуынша, проблемалар бұрынғы басшылықтың шешімдері мен футболшылар алдындағы міндеттемелердің орындалмауынан туындаған. Қазір клубты басқару жанкүйерлердің қолына өтті, алайда олардың өз қаражаты берешекті өтеуге жеткіліксіз.
Жанкүйерлердің ашық үндеуінде Аймбетовтен қаржылық талаптарынан бас тарту мүмкіндігін қарастыруды немесе клуб үшін тиімдірек төлем шарттарына келісуді сұрады.
Жағдайды спорттық санкциялар одан әрі ушықтырып отыр. Қыркүйек айында Түркия футбол федерациясы ФИФА-ның төрт ісі бойынша «Адана Демирспордан» 24 ұпай шегерілгенін хабарлады. Команда Түркияның Екінші лигасында соңғы орынға түсіп қалды.
Еске салайық, Аймбетов «Адана Демирспор» сапында 2024 жылдың ақпанынан 2025 жылдың маусымына дейін өнер көрсетті. Осы кезеңде қазақстандық шабуылшы 37 матч өткізіп, алты гол соқты. 2026 жылдың жазында форвард «Ақтөбе» клубына қосылды.