Қарағандыда Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған турнирде 200-ден астам жас боксшы өнер көрсетеді
19-24 қазан аралығында Қарағандыда Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған бокстан XIV халықаралық турнир өтеді. Рингке 200-ден астам жас спортшы шығады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Турнирге 2011-2012 жылдары туған ұлдар мен қыздар қатысады.
Қазақстан өңірлерінің өкілдерінен бөлек, жүлделер үшін Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан және Ресей боксшылары сынға түседі.
Жарыс 14 салмақ дәрежесі бойынша өтеді.
Жас спортшылар үшін бұл турнир шетелдік құрдастарымен жекпе-жекте өз күшін сынап, халықаралық жарыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік береді.
Салтанатты ашылу рәсімі 19 қазан күні сағат 15:00-де Республика даңғылы, 11/3 мекенжайында орналасқан Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өтеді. Сол күні алдын ала жекпе-жектер де басталады.
Турнир 24 қазанға дейін жалғасады.