ФИФА Ямаль қатысқан жанжалдан кейін Испания құрамасына қатаң жаза тағайындады
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) Мысырға қарсы жолдастық матч кезінде жанкүйерлердің кемсітушілік сипаттағы ұрандар айтуына байланысты Испания корольдік футбол федерациясын (RFEF) жазалады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Оқиға 2026 жылғы 31 наурызда Барселонадағы RCDE стадионында болды. Голсыз тең аяқталған кездесу барысында испан жанкүйерлерінің бір бөлігі мұсылмандарға тіл тигізетін ұрандар айтты.
Жағдайға «Барселона» мен Испания құрамасының жұлдызы Ламин Ямальдың реакциясы себепті ерекше назар аударылды. Ислам дінін ұстанатын футболшы жанкүйерлердің әрекетін көпшілік алдында айыптап, мұндай қылықтарды нәсілшілдікке балап, жол беруге болмайтынын мәлімдеді.
Тергеу қорытындысы бойынша ФИФА-ның тәртіптік комитеті Испания федерациясына 20 мың доллар көлемінде айыппұл салды. Сонымен қатар құраманың келесі үйдегі жолдастық матчында көрермен орындарының кемінде 15%-ы жабық болуы тиіс. Алайда ФИФА жазаны орындаудың балама нұсқасына да рұқсат берді: бөлінген орындарға отбасылар, студенттер және кемсітушілікпен күресетін ұйымдардың өкілдері жайғаса алады.
Испания федерациясы шешіммен келіспейтінін білдіріп, ұйымдастырушылар оқиғаға жедел әрекет етіп, қорлайтын ұрандарды тоқтату үшін қажетті шаралар қабылдағанын атап өтті. RFEF жазаны шектен тыс қатаң деп санап, Спорттық арбитраж сотына (CAS) шағымданбақ.
Айта кетейік, ФИФА-ның тәртіптік комитеті испан тарапының бастапқы апелляциясын бұған дейін қабылдамай қойған.