ҚПЛ-дағы жанкүйер саны миллионға жақындады: 20-турдың ең көп көрермен жинаған матчы анықталды
Қазақстан Премьер-лигасының 20-турының матчтарына жалпы 48 950 көрермен жиналды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Турдағы ең көп жанкүйер жиналған матч Шымкентте өткен «Ордабасы» – «Тобыл» кездесуі болды. Алаң иелерінің 2:0 есебімен аяқталған жеңісін Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда 12 350 көрермен тамашалады.
Бұл көрсеткішке «Қайсар» – «Қайрат» және «Жеңіс» – «Елімай» матчтары да жақын болды. Екі ойынға да 11 мыңнан жанкүйер келді. «Ұлытау» – «Астана» кездесуіне 4500, «Қызылжар» – «Ақтөбе» ойынына 4000, «Оқжетпес» – «Алтай» матчына 3500, ал «Ертіс» – «Каспий» кездесуіне 2500 көрермен жиналды.
Ал турдағы ең төменгі көрсеткіш Түркістанда өткен «Атырау» – «Жетісу» матчында тіркелді. Бұл ойынды трибунадан бар болғаны 100 жанкүйер тамашалады.
20 тур қорытындысы бойынша Қазақстан Премьер-лигасы матчтарының жалпы көрермен саны 967 771 адамға жетті. Биылғы маусымда әр матчқа орта есеппен 6125 жанкүйерден келіп отыр. Осылайша, чемпионаттың жалпы көрермен саны бір миллиондық межеге жақындап қалды.
20-тур қорытындысы бойынша турнир кестесінде «Ордабасы» 46 ұпаймен көш бастап тұр. «Қайрат» 45 ұпаймен екінші орында келеді, ал үздік үштікті бір ойыны кем болса да 35 ұпай жинаған «Астана» түйіндеп тұр.