«Ордабасы» иесі Шахмұрат Мутәліп қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 25 млн теңгеден бөледі
«Ордабасы» футбол клубының иесі әрі «Integra Construction KZ» ЖШС бенефициары Шахмұрат Мутәліп Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Компания әр отбасыға 25 миллион теңгеден бөледі, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кәсіпкер 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін үндеу жариялады. Мутәліп қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы шешімді қолдайтынын жеткізді.
«Ешқандай қаражат ата-анаға баласын қайтарып бермейді. Бірақ мұндай сәтте бірде-бір отбасы өз қайғысымен жалғыз қалмауы керек», - делінген кәсіпкердің үндеуінде.
Мутәліп «Integra Construction KZ» тарапынан көрсетілетін көмек әр отбасыға жеке берілетінін және мемлекеттік қолдауға қосымша болатынын атап өтті. Қаза тапқан әр әскери қызметшінің отбасына 25 миллион теңгеден төленеді.
Соңғы ресми мәлімет бойынша, Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 12 әскери қызметші қаза тапты. Кейін Қорғаныс министрлігі олардың есімдерін жариялады. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Шахмұрат Мутәліп - «Integra Construction KZ» компаниясының бенефициарлық иесі. 2026 жылы Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы жеке басқаруға өтіп, Мутәліптің бақылауына берілді.