locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Ники Хайен Дастан Сәтпаевтың мүмкіндігін бағалап, оның «Бернлидегі» рөлі туралы айтты

«Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен 18 жастағы Дастан Сәтпаевтың әлеуетіне жоғары баға берді
Ники Хайен Дастан Сәтпаевтың мүмкіндігін бағалап, оның «Бернлидегі» рөлі туралы айтты
ФОТО: Getty images

«Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен Дастан Сәтпаевты тек болашағынан үміт күттіретін жас футболшы ретінде ғана қарастырмайтынын аңғартты. Маманның айтуынша, 18 жастағы қазақстандық қазірдің өзінде ересектер футболында командаға нақты пайда әкеле алатын қасиеттерге ие, деп хабарлайды Sports24.kz.

Хайен әсіресе Сәтпаевтың қарсылас қақпасы маңында ойынды ушықтыра білуін ерекше атап өтті. Чемпионшиптің өзінде 46 турдан тұратын ұзақ маусым өтетінін ескерсек, нәтижеге әсер ете алатын бірнеше футболшының болуы «Бернли» үшін аса маңызды.

«Дастан небәрі 18 жаста, бірақ ойынына қарасаң, оның жасын әрдайым байқай бермейсің. Техникасы жақсы, шабуылда пайдалы қасиеттері бар, ең бастысы - қарсылас қақпасына тұрақты түрде қауіп төндіре алады. Осындай ұзақ маусымда ойынға шығып, матч барысына әсер ететін футболшылар қажет. Дастанды солардың бірі деп көремін», - деді Хайен.

Бапкердің сөзінше, бір құраммен 46 матчтың барлығын бірдей жоғары деңгейде өткізу мүмкін емес. Чемпионшипке Англия кубогы мен Лига кубогындағы кездесулер де қосылады, сондықтан ротация «Бернли» үшін жай ғана таңдау емес, қажеттілік.

Сәтпаев үшін бұл маусым - ағылшын футболындағы алғашқы толық жыл. 2026 жылдың жазында 18 жасқа толғаннан кейін ол «Қайраттан» «Челсиге» ресми түрде ауысып, лондондық клубпен 2033 жылға дейін келісімшартқа қол қойды. Артынша шабуылшы тұрақты ойын тәжірибесін алу үшін «Бернлиге» маусым соңына дейін жалға берілді.

Оған дейін Дастан «Челсимен» бірге маусым алдындағы дайындықтан өтіп, жазғы турнеде төрт матчқа қатысып, «Вестерн Сидней Уондерерс» қақпасына гол соққан еді.

«Бернли» сапында қазақстандық футболшы осы уақытқа дейін төрт ресми матч өткізді. Чемпионшипте ол «Вест Бромвич», «Норвич» және «Мидлсброға» қарсы ойнады, сондай-ақ Англия лигасы кубогында «Брэдфорд Ситиге» қарсы негізгі құрамда шықты.

Жалпы алғанда, Сәтпаевтың ойын уақыты 283 минутты құрады. Оның 204 минуты Чемпионшиптегі үш кездесуге тиесілі. Әзірге Дастан гол немесе нәтижелі паспен ерекшеленген жоқ, бірақ осы аралықта жеті соққы жасап, оның үшеуін қақпаға дәл бағыттады.

Бұған дейін Sports24.kz Дастан Сәтпаевтың «Бернлидегі» алғашқы матчтарын, Чемпионшип пен ҚПЛ арасындағы айырмашылықты және 18 жастағы қазақстандықтың Англиядағы жаңа ортаға бейімделуін егжей-тегжейлі талдаған еді.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie