Қазақстандық теннисші халықаралық турнирде қатарынан екінші титулын жеңіп алды
Қазақстандық теннисші Екатерина Дмитриченко Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласында өткен ITF W15 сериясындағы халықаралық турнирдің жұптық сынының жеңімпазы атанды. Финалда 25 жастағы спортшы Ұлыбритания өкілі Саванна Дада-Масколлмен бірге ресейлік жұпты жеңді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Шешуші кездесуде Қазақстан мен Ұлыбритания теннисшілерінен құралған жұп ресейлік Виктория Седенкова мен Мария Шмелёвамен сынға түсті. Алғашқы сет тартысты өтіп, тек тай-брейкте аяқталды. Дмитриченко мен Дада-Масколл шешуші сәттерде басымдық танытып, қосымша геймде 7:2 есебімен жеңіске жетті.
Екінші сетте қазақстандық және британиялық теннисшілер бастаманы толық қолға алып, қарсыластарына ойынға қайта оралуға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде Дмитриченко мен Дада-Масколл екі сетте — 7:6 (7:2), 6:2 есебімен жеңіп, турнир чемпионы атанды.
25 жастағы Екатерина Дмитриченко үшін бұл Халықаралық теннис федерациясының (ITF) қамқорлығымен өтетін кәсіби турнирлердегі алтыншы титул болды. Алты жүлденің бесеуін қазақстандық спортшы жұптық сында жеңіп алған. Шарм-эль-Шейхтегі жеңісінің тағы бір ерекшелігі — Дмитриченко ITF W15 сериясындағы турнирлерде қатарынан екінші рет чемпион атанды.
Бір апта бұрын қазақстандық теннисші Мысырдың осы қаласында жұптық жарыста да жеңіске жеткен еді. Ол кезде оның серіктесі Түркия өкілі Ирем Курт болды. Осылайша, Дмитриченко екі аптада екі титулды әртүрлі серіктестермен бірге жеңіп алды.
Мысырдағы сәтті серия қазақстандық теннисшінің кәсіби жүлделер қорын толықтырып, халықаралық аренадағы нәтижелі өнерін жалғастыруына мүмкіндік берді.