locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Жалғас Жұмағұлов чемпиондық белбеуден бас тартты

Қазақстандық ММА файтері Oktagon ұйымында енді өнер көрсетпейтінін мәлімдеп, 25 желтоқсанға ұсынылған жекпе-жектен не себепті бас тартқанын айтты
ММА
Жалғас Жұмағұлов чемпиондық белбеуден бас тартты
@zhumagulov_zhalgas

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов Еуропаның Oktagon MMA промоушеніндегі өнерін аяқтап, аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін өз еркімен босату туралы шешім қабылдағанын жариялады. Спортшы 25 желтоқсанда кезекті жекпе-жек өткізу туралы ұсыныстан да бас тартқанын айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.

Жұмағұловтың айтуынша, ол ұйым басшылығына шешімін хабарлаған. Кетудің бір себебі — дивизионда қызықты қарсыластардың жоқтығы, сондай-ақ салмағын 56 келіге дейін қууға құлықсыздығы.

«Oktagon-да енді жүз пайыз жекпе-жек өткізбеймін. Белбеуді босататынымды оларға айтып қойдым. Ол жақта лайықты қарсылас жоқ. Оның үстіне, түсініксіз біреулер үшін 56 келіге дейін салмақ қууға ниетім жоқ. Егер Северино менің салмағыма түссе, еш мәселе жоқ, жекпе-жекке шығамын дедім. Олар қазір 25 желтоқсанға жекпе-жек ұсынды, мен бас тарттым», — деді Жұмағұлов.

Сонымен қатар қазақстандық файтер бұған дейін даулы жекпе-жек өткізген бразилиялық Игор Севериноға қарсы қайта шығу мүмкіндігін жоққа шығармады. Алайда ол үшін қарсыласы Жұмағұловтың салмақ дәрежесінде өнер көрсетуге келісуі керек. Осылайша, спортшы мансабындағы ең үлкен жетістіктерінің біріне қол жеткізген Oktagon MMA аясындағы өнеріне іс жүзінде нүкте қойды.

Қазақстандық файтер Еуропа промоушеніндегі дебютін 2024 жылғы қарашада Oktagon 63 турнирінде жасады. Жұмағұловтың алғашқы қарсыласы Уэльс өкілі Аарон Эби болды. Қазақстандық төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, жаңа ұйымдағы өнерін сәтті бастады. 2025 жылғы маусымда Жұмағұлов грузиялық файтер Бено Адамиямен кездесті. Бұл жекпе-жектегі жеңіс оған чемпиондық белбеуді иеленіп, Oktagon MMA титулын жеңіп алған Қазақстанның алғашқы өкілі атануға мүмкіндік берді. Сол жылдың желтоқсанында қазақстандық чемпиондық атағын алғаш рет сәтті қорғады. Прагадағы турнирде Жұмағұлов UFC-дің бұрынғы файтері, чехиялық Давид Дворжакпен кездесіп, техникалық нокаутпен мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, белбеуін сақтап қалды.

2026 жылғы маусымда Жұмағұлов жеңіл салмаққа көтеріліп, Oktagon MMA-ның қос белбеу иегері атануға талпыныс жасады. Оның қарсыласы осы дивизионның чемпионы, бразилиялық Игор Северино болды. Алайда жекпе-жек жеңімпазсыз аяқталды. Екінші раундта Северино қазақстандықтың шап аймағына тыйым салынған соққы жасап, содан кейін жекпе-жек өтпеді деп танылды.

Осылайша, Жұмағұлов екінші чемпиондық белбеуді иелене алмады. Енді қазақстандық файтер бразилиялықпен қайта кездесуге дайын екенін, бірақ ол үшін қарсыласы өзінің салмақ дәрежесіне түсуі керектігін мәлімдеді. Әзірге Жұмағұлов Oktagon MMA-дан кеткеннен кейін мансабын қай ұйымда жалғастыратынын айтқан жоқ.

Абылай Сеитов
Журналист
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie