«Мені жеңсең, спортта лайықты орынға ие боласың»: қырғызстандық файтер өзбекстандық қарсыласына үн қатты
Аралас жекпе-жек шебері, қырғызстандық Марсель Нурланбек уулу өзбекстандық фитнес-блогер Зуфар Джалолдиновпен, Бек Зуфаров лақап атымен танымал спортшымен өтетін айқастың жаңа мерзімі туралы айтты. Спортшының сөзінше, Hype Fighting промоушені аясындағы кездесу енді 2027 жылдың қаңтарына жоспарланған, деп хабарлайды Sports24.kz.
Нурланбек уулу Instagram парақшасында жанкүйерлеріне үн қатып, Өзбекстан өкілімен болатын қарсыласу жайында көп сұрақ түсіп жатқанын айтты. Қырғызстандық файтердің сөзінше, жекпе-жекке деген қызығушылық бастапқыда күткенінен әлдеқайда жоғары болған.
«Ассаламу алейкум, қырғыз халқым! Маған өте көп сұрақ қойылып жатыр: „Бек Зуфаровпен жекпе-жек қашан болады?“. Сонда Бек Зуфаровпен айқас адамдар үшін өте қызықты әрі тартымды болады деп ойладым. Өйткені көшеде жай ғана жүріп, шаруамен ары-бері жүргенімнің өзінде көп адам келіп: „Жекпе-жегің қашан? Оны қаңтарға ауыстырды ма?“ деп сұрайды», - деді спортшы.
Марсель бұл қарсыласу Қырғызстан мен Өзбекстан жанкүйерлері арасында ерекше танымалдыққа ие болғанын атап өтті. Дегенмен кездесудің нақты күні әзірге белгісіз.
«Сондықтан күтіңіздер: Hype Fighting турниріндегі жекпе-жек қаңтарға белгіленді. Нақты күні әлі жарияланған жоқ, бірақ Hype Fighting оны қаңтарға жоспарлап отыр. Өзім де бұл айқас осыншалықты қызықты болып, жұрт арасында мұндай дүрбелең туғызады деп ойламадым», - деді Нурланбек уулу.
Қырғызстандық файтер болашақ қарсыласына да тікелей үн қатты. Марсельдің сөзінше, Бек Зуфаров та жекпе-жек өткізуге мүдделі және қосымша уақытты дайындыққа жұмсамақ.
«Бек Зуфаров та лигаға: „Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік, әрі дайындалуға әлі уақыт бар. Дайындыққа екі айым бар“, - деп жазды. Екі ай дайындалсын. Әй, Бек Зуфар, сен үшін бұл — тамаша мүмкіндік: мені жеңсең, спортта өте лайықты орынға ие боласың. Сондықтан бар күшіңді сал», - деп атап өтті қырғызстандық файтер.
Сонымен қатар Нурланбек уулу жекпе-жек мерзімі шегерілгеніне қарамастан, жанкүйерлерге тартысты айқас көрсетемін деп уәде етті.
«Жекпе-жекті ел үшін, жанкүйерлер үшін өткіземіз, өте тартысты айқас көрсетеміз, күтіңіздер. Қырғыз халқым, қолдау білдіріп жүрген баршаңызға көп рақмет! Қырғызстан алға!» - деп қосты спортшы.
Үндеуінің соңында Марсель қарсыласудың екі қатысушысына да дайындық кезінде және жекпе-жектің өзінде жарақат алмауды тіледі. Еске салайық, 7 қарашада Hype Fighting промоушені Марсель Нурланбек уулу мен Зуфар Джалолдинов арасындағы айқасты ресми түрде жариялаған болатын.
Жекпе-жек ММА қолғаптарымен бокстың ережесі бойынша өтуі тиіс еді. Бастапқыда кездесуді ұйымның 14 қарашада Ереванда өтетін турнирінде өткізу жоспарланған. Алайда белгіленген күні айқас өтпей қалды. Hype Fighting жекпе-жектің тоқтатылғаны немесе кейінге шегерілгені туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Енді Нурланбек уулу өзбекстандық блогермен кездесу алдын ала 2027 жылдың қаңтарына шегерілгенін айтты.