Шавкат Рахмонов қазақстандықтың UFC-дегі жойқын нокаутынан кейін эмоциясын тежей алмады
Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов отандасы Дияр Нұрғожайдың UFC Fight Night 294 турнирінде Дохада (Катар) америкалық Алик Лоренцті жеңгеніне эмоциямен жауап қатты. «Номадтың» реакциясы түсірілген видео әлеуметтік желілерде жарияланды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Видеодан қазақстандық жартылай орта салмақтағы файтердің Нұрғожайдың қарсыласы құлағаннан кейін октагонда болып жатқан жайтты мұқият бақылап отырғанын көруге болады. Төреші жекпе-жекті тоқтатқанда, Шавкат күлімсіреп, басын көтеріп, жерлесінің жеңісін эмоциямен атап өтеді.
Дияр Нұрғожай мен Алик Лоренц арасындағы жекпе-жек UFC Fight Night 294 турнирінің алдын ала кардында өтті. Жартылай ауыр салмақтағы айқас екінші раундта-ақ аяқталды. Екінші бес минуттықтың 24-секундында Нұрғожай баспен тебу — хай-кикпен — қуатты соққы жасап, америкалық қарсыласын есеңгіретті. Артынша қазақстандық канвасқа құлаған Лоренцті соққылардың топтамасымен төпелей жөнелді. Төреші араласып, жекпе-жекті тоқтатты да, Нұрғожайдың техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін тіркеді.
Қазақстандық спортшы үшін бұл жеңіс кәсіби мансабындағы 13-ші жеңісі болды. Енді оның жалпы көрсеткіші — 13 жеңіс, 2 жеңіліс. Нұрғожайдың ұйымдағы алғашқы екі жекпе-жегінде жеңілгеннен кейін UFC-де қатарынан үшінші рет жеңіске жеткені ерекше назар аударарлық. Осылайша, әлемдегі ең ірі MMA промоушеніндегі рекорды 3-2-ге жақсарды. Алик Лоренц кәсіби мансабындағы үшінші жеңілісіне ұшырады. Оның көрсеткіші енді — 8 жеңіс, 3 жеңіліс.
Еске сала кетейік, Шавкат Рахмонов UFC турниріне арнайы Катар астанасына келді. Турнирге Қазақстан өкілдері де қатысады. Нұрғожайдан бөлек, «Номадтың» клубтасы Асу Алмабаев та жарысқа қатысады. Қазақстандық файтер турнирдің негізгі кардында кәсіби рекорды 36 жеңіс пен 6 жеңілістен тұратын тәжірибелі жапондық Кёдзи Хоригутиге қарсы жұдырықтасады.