Моуринью «Реалдағы» тәртіпті қатаңдатты
«Реал» командасының бас бапкері Жозе Моуринью клубтағы тәртіпті күшейтті – ойыншылардың тамақтануы мен қалпына келуі бойынша жаңа ережелер енгізілді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл туралы испандық журналист Хосе Феликс Диас мәлімдеді.
Дереккөздің мәліметінше, Моуринью басқарған мадридтік клубта команданың тәртібін нығайту мақсатында бірқатар шаралар қабылдануда. Енді ойыншылар өз рационын өздері таңдай алмайды – мәзірді арнайы бекітілген схема бойынша клубтың диетологы құрастырады.
Тіпті жаттығуға бір минутқа кешіккен жағдайда да жаза қолданылып, ойыншы жеке жаттығу залында дайындалады – ешқандай ерекше жағдай қарастырылмайды. Бұдан бөлек, футболшылардың жарақаттан кейінгі қалпына келуі тек клуб базасында, команда дәрігерлерінің толық бақылауымен өтеді және сырттан мамандар шақыруға тыйым салынған.
Бұған дейін Моуринью «Реалдағы» ойыншылар тапшылығы туралы айтқан еді – португалиялық бапкер жарақаттарға байланысты мадридтіктердің таңдау мүмкіндігі қатты шектеулі екенін мойындаған болатын.
2026 жылдың 11 маусымында мадридтік «Реал» Жозе Моуриньюдің бас бапкер болып тағайындалғанын ресми түрде жариялады. Португалиялық маман бұған дейін 2010-2013 жылдары «корольдік клубты» басқарған. Оның басшылығымен команда Испания чемпионатын, Кубогын және Суперкубогын жеңіп алған.