Молдова құрамасы Ұлттар лигасындағы матчқа Қазақстанға аттанды
Молдова құрамасы Астанаға аттанды. Команда 2 қазанда Қазақстан құрамасына қарсы Ұлттар лигасының матчын өткізеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Молдова футбол федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 қыркүйек күні таңертең команда Кишиневтен Стамбұлға ұшып шықты. Ол жерден Молдова құрамасы Астанаға жол тартады. Стамбұлдан Қазақстан астанасына ұшақ жергілікті уақыт бойынша сағат 14:00-де ұшып, әуе сапары шамамен бес сағатқа созылады.
Молдова құрамасының бас бапкері Лилиан Попеску матчқа 24 футболшыны шақырды. Құрама сапына жарақатына байланысты Молдованың Ұлттар лигасындағы Словакия және Фарер аралдарына қарсы алғашқы матчтарын өткізіп алған қорғаушы Иоан-Кэлин Ревенко қайта оралды.
Қазақстан мен Молдова құрамалары арасындағы матч 2 қазанда «Астана Арена» стадионында өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 19:00-де басталады.
Ұлттар лигасының С3 тобындағы екі турдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Молдова бір-бір ұпайдан жинады. Қазақстан Фарер аралдарымен 1:1 есебімен тең ойнап, Словакиядан 1:2 есебімен жеңілді. Молдова да Фарер аралдарымен дәл осындай есеппен тең түсті, ал Словакияға 0:2 есебімен жол берді.
Командалар топта үшінші және төртінші орындарда келеді. Джон ван ’т Схип шәкірттері гол айырмашылығы бойынша Молдовадан жоғары тұр. Словакия алты ұпаймен бірінші орында болса, Фарер аралдары екі ұпаймен екінші сатыда орналасқан.