Мессиді қалыптастырған адам: Хорхе кім еді және ол Лионельдің өмірінде қандай рөл атқарды?
8 тамызда Лионель Мессидің өміріндегі ең маңызды адамдардың бірі Хорхе Месси дүниеден өтті. Лео бүкіл әлемге футбол тарихындағы ұлы ойыншылардың бірі ретінде танылды. Ал оның осы биікке жету жолында кезінде ұлының болашағы үшін қалыптасқан өмірін өзгертуге тәуекел еткен әкесінің еңбегі ерекше болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Росариодан Барселонаға дейін
Хорхе Месси Росариода дүниеге келген. Жас кезінде «Ньюэллс Олд Бойз» жүйесінде футбол ойнағанымен, кәсіби деңгейге жете алмады. Кейін металлургия зауытында еңбек етті. Жұбайы Селия Куччиттини екеуі Лионель, Родриго, Матиас және Мария Соль есімді төрт баланы тәрбиеледі.
Кішкентай Леоның футболға деген ерекше қабілеті ерте байқалды. Алайда отбасы көп ұзамай басқа қиындыққа тап болды. Бала кезінде Лионельге өсу гормонының тапшылығы диагнозы қойылып, ұзақ әрі қымбат ем қажет болды.
Мессидің болашағын өзгерткен шешім 2000 жылы қабылданды. Хорхе 13 жастағы ұлын Аргентинадан Испанияға алып барып, «Барселонаның» қаралымына қатыстырды. Бейтаныс елге көшу бүкіл отбасы үшін үлкен тәуекел еді. Соған қарамастан, әкесі Леоның өз мүмкіндігін алатынына сенді.
Каталониялық клуб аргентиналық жасөспірімнің талантын бірден байқап, оны өз жүйесінде қалдыруға шешім қабылдады. «Барселона» оның емделу шығындарын да өз мойнына алды. Хорхе ұлымен бірге Испанияда қалса, Селия мен қалған балалары біраз уақыт Аргентинада тұрды.
Кейін Лионель сол кезеңнің әкесі екеуіне қаншалықты ауыр тигенін еске алған.
«Әкем әрдайым жанымда болды. Біз талай қиындықты бастан өткердік. Кейде жалғыз жылау үшін бөлмеме кіріп кететінмін. Ол да дәл солай жасайтын, бірақ маған көрсетпеуге тырысатын. Бәрі жақсы сияқты кейіп таныттық, алайда шын мәнінде олай емес еді», - деген Месси журналистерге.

Әке ғана емес, агент те болды
Жылдар өте Хорхенің ұлының мансабындағы орны одан әрі артты. Ол жиырма жылдан астам уақыт Лионельдің мүддесін қорғап, футболшының мансабындағы ең маңызды келіссөздерге қатысты.
Мессидің әкесі «Барселонамен» жаңа келісімшарттар бойынша келіссөздер жүргізді. Кейін ұлының «Пари Сен-Жерменге» ауысуына атсалысып, одан соң Леоның «Интер Майамиге» көшуіне байланысты мәселелермен айналысты. Бұдан бөлек, Хорхе аргентиналық футболшының коммерциялық келісімдері мен имидждік құқықтарын басқаруға қатысты.
Алайда олардың қарым-қатынасы тек «футболшы - агент» байланысымен шектелген жоқ. Лионель әлемдік футболдағы барлық дерлік басты жүлдені жеңіп алғаннан кейін де әкесінің пікірін ерекше бағалады.
«Ол мені әрдайым тыңдайтын. Қазір де солай. Ешқашан келіп: «Мен енді ересекпін әрі әлемдегі ең үздік футболшымын»,- деген емес. Меніңше, ол үшін мен көп жыл бұрынғыдай сол әкесі болып қала бердім», - деген Хорхе 2013 жылы Kicker басылымына берген сұқбатында.

Ауыр өткен әлем чемпионаты
Хорхенің өмірінің соңғы айлары оңай болған жоқ. 2026 жылғы әлем чемпионаты кезінде ол отбасымен бірге трибунадан көрінбеді. Осы тұста Алжирге қарсы топтық кезең матчынан кейін Лионельдің ерекше толқыған сәті көпшіліктің назарын аударды. Аргентиналық сол ойында хет-трик жасаған еді.
Кездесуден кейін Месси көз жасын ұстай алмады және оның көңіл күйі футболға байланысты емес екенін аңғартты.
«Бұл эмоциялардың футболға қатысы жоқ. Соңғы бірнеше күн мен үшін қиын өтті. Командама алғыс айтамын, олар үнемі жанымнан табылды», - деп келтірді оның сөзін журналист Фабрицио Романо.
Кейінірек Месси отбасы Хорхенің дәрігерлер бақылауында болғанын хабарлап, көпшіліктен отбасының жеке өміріне құрметпен қарауды сұрады.
Әлем чемпионатының финалынан кейін Аргентина басылымдары Лионельдің әкесімен бірге уақыт өткізу үшін Росариоға аттанғанын жазды.
Өмір бойы жанынан табылған адам
Футбол әлемі Хорхе Мессиді ең алдымен өз дәуірінің ұлы ойыншыларының бірінің агенті ретінде білді. Бірақ Лионель үшін оның орны әлдеқайда биік еді. Кезінде дәл осы Хорхе Росариода доп қуған кішкентай баланың бойынан үлкен болашақты көріп, сол арман үшін тәуекелге барды. 13 жастағы ұлын мұхиттың арғы бетіне алып келді, бөтен елде жанынан табылды, есейген шағындағы ең қиын кезеңдерді бірге өткерді. Ал арада жылдар өткенде әлемдік футбол жұлдызының миллиондаған келісімшарттары талқыланған келіссөздер үстелінде де ұлының қасында отырды.
Лионельдің мансабы өзгерді, клубтары мен өмір сүрген елдері ауысты. Бірақ оның жанында жылдар бойы өзгермей қалған бір адам болды - әкесі Хорхе.
