Месси мансабындағы 1000 гол туралы мәлімдемесімен таңғалдырды: тарихи межеге жетуге аз қалды
Америкалық «Интер Майами» мен Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси кәсіби мансабында 1000 гол соғу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Талқылауға 39 жастағы футболшының кезекті нәтижелі матчы себеп болды. 2 қарашаға қараған түні «Интер Майами» MLS тұрақты чемпионатында «Нью-Инглэнд Революшнды» 2:1 есебімен жеңді.
Аргентиналық футболшы кездесудің басты қаһарманына айналып, нәтижелі пас берді және 83-минутта жеңіс голын соқты.
Бұл гол сегіз дүркін «Алтын доп» иегері үшін кәсіби мансабындағы 937-ші гол болды. Матчтан кейін журналистер Мессиден тарихи 1000 гол межесіне жетуді көздеп отырған-отырмағанын сұрады.
Аргентиналықтың жауабы күтпеген жерден шықты.
«Ого, шынымен бе? Жоқ, мен ештеңеге ұмтылып жүрген жоқпын. Мұндай рекордтар мені қызықтырмайтынын үнемі айтып келемін. Тек ләззат алып, матчтардан қуаныш тапқым келеді», — деді Месси.
Осылайша, аргентиналық шабуылшыға 1000 гол межесіне жету үшін тағы 63 рет мергендік таныту қажет.
Ал оның көпжылдық қарсыласы Криштиану Роналду тарихи межеге әлдеқайда жақын тұр. 41 жастағы португалиялықтың еншісінде 985 гол бар, демек төрт таңбалы межеге жету үшін оған тағы 15 доп соғу керек.
Жастарына қарамастан, қос футболшы да жоғары нәтижелілік көрсетіп, командаларының негізгі ойыншылары болып қала беруде.
MLS-тің қазіргі тұрақты чемпионатында Месси 26 гол соғып, турнирдің үздік сұрмергені атағы үшін күресін жалғастырып келеді.
Аргентиналықтың «Интер Майамимен» келісімшарты 2028 жылдың соңына дейін жарамды. Сондықтан оның тарихи жетістікке жақындай түсуге мүмкіндігі бар.