Месси дубль жасап, Роналдуға жақындай түсті: 1000 голға кім бірінші жетеді?
Лионель Месси АҚШ-тың МЛС чемпионатындағы кезекті кездесуде екі гол соғып, Криштиану Роналдуды қуып жетуге тағы бір қадам жасады. Аргентиналық шабуылшы мансабындағы 1000 гол межесіне жақындай түскенімен, португалиялық футболшы әзірге айтарлықтай басымдыққа ие, деп хабарлайды Sports24.kz.
17 қазанда «Интер Майами» сырт алаңда «Атланта Юнайтедті» 3:1 есебімен жеңді. Кездесудің басты қаһарманы 39 жастағы Месси болды. Ол қарсылас қақпасына екі гол соғып, командасының қатарынан үшінші жеңісіне үлес қосты.
Аргентиналық футболшы алғашқы голын 56-минутта Херман Бертараме берген пастан кейін соқты. Араға небәрі төрт минут салып, Луис Суарестің нәтижелі пасын голға айналдырып, дубль авторы атанды.
Осылайша, Месси кәсіби мансабындағы 935-ші және 936-шы голдарын тіркеді.
Мессиге 1000 голға жету үшін қанша гол қалды?
«Атланта Юнайтедке» қарсы дубльден кейін аргентиналық жұлдыздың клубтар мен ұлттық құрама сапында соққан голдарының жалпы саны 936-ға жетті.
Енді сегіз дүркін «Алтын доп» иегеріне тарихи 1000 гол межесін бағындыру үшін тағы 64 рет қарсылас қақпасын дәл көздеу қажет.
Месси голдарының басым бөлігін «Барселона» сапында соқты. 2004-2021 жылдар аралығында каталониялық клубтың намысын қорғаған шабуылшы 672 мәрте мергендігімен көзге түсті.
Франциялық ПСЖ сапында оның еншісінде 32 гол бар. Ал «Интер Майами» құрамында 106 рет ерекшеленсе, Аргентина ұлттық құрамасы үшін 126 гол соққан.
Жасына қарамастан, Месси әлі де жоғары нәтижелілік көрсетіп келеді. Биылғы МЛС тұрақты чемпионатында ол 27 матчта 25 гол соғып, үздік сұрмергендер көшін бастап тұр.
Сонымен қатар аргентиналық футболшы осы маусымда 15 нәтижелі пас берді. Ол мұндай көрсеткішке қатарынан үш чемпионатта қол жеткізген МЛС тарихындағы алғашқы ойыншы атанды.
Криштиану Роналдудың еншісінде қанша гол бар?
Тарихи 1000 гол межесіне жету жолында Мессиден алда келе жатқан басты қарсыласы - 41 жастағы Криштиану Роналду.
Соңғы расталған есеп бойынша, «Әл-Наср» мен Португалия ұлттық құрамасының шабуылшысы ресми кездесулерде 981 гол соққан. Демек, португалиялық жұлдызға 1000 голға жету үшін небәрі 19 доп қалды.
Роналдудың соңғы голы 12 қазанда Азия Чемпиондар лигасында өзбекстандық «Нефтчиге» қарсы кездесуде тіркелді. Сауд Арабиясының клубы бұл ойында 3:1 есебімен жеңіске жетіп, португалиялық шабуылшы мансабындағы гол санын 981-ге жеткізді.
Осылайша, екі футбол аңызының арасындағы айырмашылық 45 голды құрайды.
Сонымен қатар Роналду ерлер арасындағы ұлттық құрамалар тарихындағы ең көп гол соққан футболшы мәртебесін сақтап келеді. Ол Португалия жейдесінде 146 рет қарсылас қақпасын дәл көздеген.
Шабуылшы бұған дейін мансабында 1000 гол соғуды армандайтынын бірнеше рет айтқан. Қыркүйекте ол мерейтойлық голын Португалия құрамасы сапында соққысы келетінін жеткізгенімен, бұл мақсатты өзіне міндетті талап ретінде қоймайтынын атап өткен.
1000 голға кім бірінші жетеді?
Қазіргі таңда тарихи көрсеткішке Роналду әлдеқайда жақын. Португалиялық футболшыға тағы 19 гол қажет болса, Мессидің алдында 64 голдық меже тұр.
Дегенмен екі жұлдыз да кәсіби мансабын жалғастырып, голдар санын арттырып келеді.
«Интер Майами» келесі кездесуін 24 қазанда «Нью-Йорк Ред Буллзға» қарсы өткізеді. Бұл матч Месси үшін төрт таңбалы көрсеткішке тағы бір қадам жақындаудың мүмкіндігі болмақ.