Бублик Шанхайда корттағы эмоциялары туралы пікір білдірді
Александр Бублик Almaty Open турнирінің басталуына орай Шанхайдағы жарыста кортта эмоциясын шамадан тыс көрсеткені туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық теннисші мұны спортшының кәсіби өсуі мен дамуының бір бөлігі деп санайды.
«Корттағы эмоцияларым туралы ма? Енді не істеуім керек? Жеңіліп қалғаныма ренжідім. Айналамда бір топ камера болды… Әрине, мұны біреудің естігенін қаламадым. Бұл сол сәттегі эмоциялар ғана еді. Жаттығуда да айқайлап жіберетін кездерім болады.
Гштадтағы сол турнирді еске түсірейік. Ол жерде де ештеңе істей алмай жатқанымды, өмірімде бұл жерде матчта жеңіске жете алмайтынымды айтып айқайладым. Нәтижесінде бірде-бір сетте жеңілмей, турнирде жеңіске жеттім. Бәлкім, бұл мамандықтың бір бөлігі шығар. Сен осындай эмоциялық тербелістерден өтесің.
Қазірдің өзінде Алматыға келдім, бірақ кортқа қандай күйде шығатынымды білмеймін. Дегенмен мен кәсіпқоймын және ойнауым керек. Осы эмоциялар арқылы өзіңнің ең үздік ойыныңды табасың. Қиын кезеңдерден өтіп, табысқа жетесің», – деді Бублик.
Еске сала кетейік, Бублик Шанхайдағы турнирде Александр Зверевке жеңілген матч кезінде эмоциясына ерік берді. Бірінші сеттегі тай-брейкте 6:3 есебімен алда келе жатып, қатарынан үш сетболға ие болған Бублик бес ұпайды қатарынан жіберіп, партиядан ұтылды (6:7). Осыдан кейін ол кортта эмоцияға беріліп, айқайлай бастады («Қалай?», «Неге?») және командасына: «Мен корттан кеткім келеді, енді шамам жетпейді. Болды, мен истерикадамын», – деді.
Қазіргі уақытта 29 жастағы спортшы ATP Tour аясында өтетін Almaty Open үй турниріне қатысуға дайындалып жатыр. Бублик үшін бұл Алматыда өтетін ATP 250 санатындағы турнирдегі дебюті болмақ.
Александр жарыстың негізгі сеткасындағы жолын бастайды. Қазақстандық теннисші ATP әлемдік рейтингінде 22-орында тұр және өз алаңындағы турнирде үшінші нөмірлі көшбасшы ретінде сынға түседі.