locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Ақтөбені» төреші жеңдірмеді ме? «Ордабасының» жеңісінен кейін жанкүйерлер арасында қызу пікірталас туды

Шымкенттік «Ордабасының» «Ақтөбені» 3:1 есебімен жеңуі қазақстандық футбол жанкүйерлері арасында қызу талқыға түсті
«Ақтөбені» төреші жеңдірмеді ме? «Ордабасының» жеңісінен кейін жанкүйерлер арасында қызу пікірталас туды
ФОТО: Ордабасы ФК
Қазақстан Премьер-Лигасы
17.10.2026, Аяқт.
Актобе
1
Ордабасы Шымкент
3

17 қазанда «Ордабасы» Қазақстан Премьер-лигасының 23-туры аясында сырт алаңда маңызды жеңіске қол жеткізді. Кездесудің 21-минутында Даниэль Соса есеп ашып, алаң иелерін алға шығарғанымен, екінші таймда шымкенттіктер ойын барысын толықтай өзгерте алды.

Алдымен Лео Натель таразы басын теңестірсе, артынша Сергей Малый қонақтарды алға шығарды. 73-минутта Соса қарсылас қақпасын қайта дәл көздеді. Алайда бас төреші Антон Кучма қолмен ойнау ережесі бұзылғанын анықтап, голды есепке алмады. Араға төрт минут салып, Тилиан Кейта үшінші голды соғып, матчтың қорытынды есебін белгіледі - 3:1.

Финалдық ысқырықтан кейін де бұл кездесу әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.

Sports24.kz даулы эпизод пен «Ордабасының» жеңісіне қатысты қазақстандық жанкүйерлердің пікірлерін жинақтады. Футболсүйер қауымның көзқарасы екіге бөлінді: бір тарап төрешілердің шешімін сынға алса, енді бірі шымкенттік клубтың қарсыласынан басым түскенін мойындады.

«Ордабасының» ойынына сөз жоқ. Бірақ төрешіге қатысты сұрақ көп. «Ордабасы» ереже бұзғанда, айып добын «Ақтөбенің» пайдасына берді. Малый Сосаға екі рет қарсы ереже бұзса да, сары қағаз алған жоқ. Ал бізде Широбоков дәл солай жасағанда, тіпті қызыл қағаз көрсеткен еді», - деп наразылығын білдірді желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір жанкүйер алаң иелері үшін аса маңызды болған голдың есепке алынбауына күмән келтірді.

«Маусымдағы чемпиондық үшін шешуші матчта осындай маңызды голды бейнеқайталауды өз көзімен көрмей тұрып есепке алмау - нағыз кәсібиліктің жоқтығы», - делінген пікірлердің бірінде.

Әсіресе бас төрешінің даулы сәтті VAR мониторынан өзі қарап шықпағаны жанкүйерлердің наразылығын туғызды. Олардың бір бөлігі мұндай маңызды эпизодтарда шешім қабылдамас бұрын жағдайды мұқият тексеру қажет деп есептейді.

Дегенмен төрешінің әрекетінен ешқандай өрескел қателік көрмегендер де табылды. Олардың пікірінше, «Ақтөбе» ең алдымен ойын сапасы жағынан қарсыласына есе жіберген.

«Есеп 2:3 болған күннің өзінде жеңіс бәрібір «Ордабасыға» бұйырар еді. Олардың гол соғатын мүмкіндіктері әлдеқайда көп болды. Төреші қателесті ме, жоқ па, білмеймін. Бірақ «Ордабасының» деңгейі мүлде бөлек», - деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Тағы бір қолданушы шымкенттік команданың басымдығын мойындауға шақырды.

«Әділ жанкүйер ретінде айтайын, «Ақтөбе» орынды жеңілді. Есепке алынбаған голды қосқанның өзінде олар бәрібір ұтылар еді. Биыл «Ордабасы» шынымен чемпион болуға лайық».

Келесі жанкүйер Қазақстан Премьер-лигасын әдетте көрмейтінін, алайда осы кездесуден кейін шымкенттік клубқа деген көзқарасы өзгергенін жеткізді.

«Мен негізі ҚПЛ-ды мүлде қарамайтын едім. Бірақ бүгін осы ойынды көрдім. «Ордабасы» бір бас жоғары ойнады. Деңгейі бөлек екен. Шымкентті чемпиондықпен құттықтаймын», - деп пікір білдірді ол.

Жеңілген командаға қатысты әзіл аралас пікірлер де аз болған жоқ.

«Ақтөбе» әлі төрешіні кінәлап, жылап отыр ма?» - деп жазды жанкүйерлердің бірі.

Есепке алынбаған гол төңірегіндегі дауға қарамастан, ақтөбелік клубтың кейбір жанкүйерлері «Ордабасы» футболшыларының шеберлігіне жоғары баға берді.

«Ақтөбе» барын салып ойнады, бірақ «Ордабасы» шеберлігінің арқасында басым түсті. Міне, келесі жылы Еуропада ҚПЛ намысын қорғауға лайық команда осы. Жігіттер тырысты, бірақ мықтыға тосқауыл жоқ. «Орда» деген - «Орда». Мұны «Ақтөбенің» жанкүйері айтып отыр», - деп жазды қолданушылардың бірі.

Тағы бір жанкүйер төрешілердің шешіміне ғана назар аудармай, матчтың статистикасына да мән беруге шақырды.

«Статистика сөйлесін. Шынын айтқанда, жеңілгенін мойындау да - ерлік. «Ордабасының» ойыншылары «Ақтөбе» футболшыларынан бір бас жоғары болды. Соса, бауырым, ренжіме, жақсы ойнайтының көрініп тұр. Голды қолмен соқпағанда, есепке алынар еді. Әдемі ойын мен керемет қолдау үшін «Ақтөбеге» рақмет. «Қайратпен» болатын ойында сәттілік», - деді ол.

Бұл жеңіс чемпиондық бәсекеге қалай әсер етті?

Сырт алаңдағы жеңіс «Ордабасының» Қазақстан Премьер-лигасындағы көшбасшылық орнын нығайта түсті. 28 кездесуден кейін шымкенттік команда 67 ұпай жинап, «Қайратпен» арадағы айырмашылықты жеті ұпайға жеткізді.

Алматылық клуб 27 ойыннан кейін 60 ұпаймен екінші орында келеді және әлі бір қосалқы кездесуі бар. Ал «Ордабасыға» чемпиондық атақты мерзімінен бұрын жеңіп алу үшін тағы бір матчта жеңіске жету жеткілікті.

«Ақтөбе» 45 ұпаймен турнир кестесінің бесінші сатысында орналасқан.

Осылайша, шымкенттіктерді чемпиондық атаққа бір табан жақындатқан кездесу тек қонақтардың жігерлі жеңісімен ғана емес, төрешінің даулы шешімімен де есте қалды. Жанкүйерлердің бір бөлігі есепке алынбаған голдың әділдігіне әлі де күмән келтірсе, енді бірі «Ордабасының» турнир кестесінде көш бастап тұрғанын толықтай заңды нәтиже деп санайды.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie