Үлкен трагедия. Қазақстандық футболшы жол апатынан қаза тапты
Трагедиялы хабар елордалық «Жеңіс» футбол клубынан келіп жетті. Команданың футболшысы Виктория Кайсаринова жол апатынан көз жұмды, бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
Сейсенбі, 23 қыркүйек күні, Павлодар-Астана тас жолында орын алған жол апатында Кайсаринова ауыр жарақат алып, алған жарақаттарынан қайтыс болды.
«Жол ережесін бұзған жүргізуші ара қашықтықты сақтамаған. Оқиға жүк көлігімен соқтығысуға әкеліп соқты.
Бұл жағдайға әлі де сену қиын. Бұл – бүкіл клубымыз үшін орны толмас ауыр қаза. Виктория тамаша ойыншы әрі нағыз дос еді. Оның отбасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Ол біздің жүрегімізде мәңгі сақталады», – делінген «Жеңіс» клубының мәлімдемесінде.
Кайсаринова небәрі 19 жаста еді. Виктория қорғаушы позициясында ойнап, осы маусымда 17 матч өткізді, оның 14-інде негізгі құрамда алаңға шықты.