locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Әл-Наср» Роналдусыз «Пахтакорды» ойсырата жеңді

«Әл-Наср» Азия Чемпиондар лигасында «Пахтакорды» 6:2 есебімен жеңдІ
Футбол
ФОТО: Getty images
АФК Чемпиондар лигасы
02.11.2026, Аяқт.
Пахтакор
2
Аль-Наср
6

2 қарашада Ташкенттегі «Пахтакор» орталық стадионында Азия футбол конфедерациясы (АФК) Чемпиондар лигасының төртінші турындағы кездесу өтті. Өзбекстандық клуб өз алаңында Сауд Арабиясының «Әл-Наср» командасын қабылдады, деп хабарлайды Sports24.kz.

Қонақтар алғашқы минуттардан-ақ басымдықты қолға алып, бірінші таймның ортасына қарай есеп айырмасын үш допқа жеткізді.

15-минутта Абдулла әл-Хамдан есеп ашты. Арада екі минут өткенде Жуан Феликс «Әл-Насрдың» екінші голын соқты. Ал 32-минутта португалиялық футболшы тағы бір мәрте мергендік танытып, дубль авторы атанды.

Үш доп жіберген «Пахтакор» бірінші тайм аяқталғанша есепті қысқартуға мүмкіндік тапты. 36-минутта Фламарион қарсылас қақпасын дәл көздеп, командалар үзіліске 1:3 есебімен аттанды.

Екінші таймда да саудиялық клуб қарқынын бәсеңдеткен жоқ. 53-минутта Абдулла әл-Амри төртінші голды соқса, араға тоғыз минут салып Абдулрахман Ғариб есепті 5:1-ге жеткізді.

Ірі есеппен ұтылып жатқанына қарамастан, алаң иелері шабуылды тоқтатпады. 75-минутта қосалқы құрамнан шыққан Достонбек Хамдамов «Пахтакордың» екінші голын соқты.

Алайда матчтағы соңғы гол қонақтардың еншісіне жазылды. 79-минутта Анжело Габриэл көзге түсіп, кездесудің қорытынды есебін белгіледі – 6:2.

АФК Чемпиондар лигасы. Жалпы кезең, 4-тур
«Пахтакор» (Өзбекстан) – «Әл-Наср» (Сауд Арабиясы) – 2:6 (1:3)
Голдар:
Абдулла әл-Хамдан (15-минут, 0:1), Жуан Феликс (17, 0:2; 32, 0:3), Фламарион (36, 1:3), Абдулла әл-Амри (53, 1:4), Абдулрахман Ғариб (62, 1:5), Достонбек Хамдамов (75, 2:5), Анжело Габриэл (79, 2:6).

Кездесудің басты ерекшеліктерінің бірі – Криштиану Роналдудың алаңға шықпауы. 41 жастағы португалиялық шабуылшы «Әл-Насрдың» матчқа арналған өтініміне енген жоқ. Ол командамен бірге Өзбекстанға да барған жоқ.

Саудиялық клубтың бас бапкері Анге Постекоглу ойын алдында бұл шешімді команданың тығыз күнтізбесімен және негізгі футболшыларға демалыс беру қажеттілігімен түсіндірген болатын.

Роналдумен бірге Ташкентке Кингсли Коман мен Мохамед Симакан да барған жоқ.

Соған қарамастан, «Әл-Наср» шабуылда нәтижелі ойын көрсетті. Әсіресе бірінші таймда екі гол соққан Жуан Феликс қонақтардың жеңісіне елеулі үлес қосты.

Ал «Пахтакор» үшін бұл Азия Чемпиондар лигасындағы кезекті сәтсіз кездесу болды. Саудиялық клубпен ойнағанға дейін ташкенттік команда екі рет тең түсіп, бір матчта жеңілген еді.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie