Абдулрашид Садулаев Әлем чемпионатын қорытындылады
Ресей құрамасының көшбасшысы Абдулрашид Садулаев Астанада өткен күрестен әлем чемпионатынан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Тәжірибелі спортшы жарыстағы нәтижесіне тоқталып, чемпиондық атақ үшін күресін жалғастыратынын жеткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
97 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Садулаев алғашқы кездесуінде қазақстандық Ризабек Айтмұқанды 4:1 есебімен жеңді. Кейін Словакия атынан өнер көрсететін Батырбек Цакуловтан 8:1 есебімен басым түсті.
Алайда ширек финалда ресейлік балуанның жолын америкалық Кайл Снайдер кесті. Екі Олимпиада чемпионы арасындағы тартысты белдесу 4:4 есебімен аяқталды. Соңғы нәтижелі әдісті Снайдер орындағандықтан, жеңіс соған берілді.
Қарсыласының финалға шығуы Садулаевқа жұбаныш белдесулеріне қатысуға мүмкіндік берді. Ресейлік спортшы осы кезеңдегі екі кездесуінде де жеңіске жетіп, әлем чемпионатының қола медалін иеленді.
Дегенмен Садулаев Қазақстанға алтын жүлде алу мақсатымен келгенін жасырмады. Ол Instagram желісіндегі жазбасында бұл нәтижені сәтсіздікке балаудың қажеті жоқ екенін атап өтті.
«Қола медаль – әрине, біз Қазақстанға келгенде көздеген нәтиже емес. Бірақ бұл – спорт, біз кез келген нәтижені қабылдаймыз. Әлхамдулиллаһ, бәріне шүкір Ешқандай сылтау жоқ, бірақ мұны қайғылы жағдайға да айналдырмаймыз. Мұның бәрі – үлкен жолдың бір бөлігі. Қорытынды шығарып, жұмысымызды жалғастырамыз. Алланың жәрдемімен жаңа күш-жігер және тың жігермен чемпиондық үшін күреске қайта ораламыз!» – деп жазды Садулаев.
Осылайша, ресейлік балуан Астанадағы жарысты үшінші орынмен аяқтады. Бұған дейін бірнеше мәрте әлем чемпионы атанған Садулаев бұл жолы алтын медаль үшін таласа алмады.
Айта кетейік, Қазақстанда өткен чемпионаттың жалпы медаль есебінде Ресей құрамасы 14 жүлдемен үшінші орынға тұрақтады. Команда төрт алтын, үш күміс және жеті қола медаль жеңіп алды.
Ал Қазақстан құрамасы өз жерінде өткен жарысты бір күміс және төрт қола жүлдемен қорытындылады. Еркін күрестен 74 келіде сынға түскен Нұрқожа Қайпанов финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленді.