Кристиан Ромеро Еуропа лигасының финалындағы үздік ойыншы деп танылды
«Тоттенхэм» қорғаушысы Кристиан Ромеро УЕФА нұсқасы бойынша Еуропа лигасының финалындағы ең үздік ойыншы атанды. Финалда лондондық клуб «Манчестер Юнайтедті» 1:0 есебімен жеңіп, тарихи жеңіске жеткен болатын.
УЕФА таратқан мәліметке сәйкес, аргентиналық футболшы қорғаныста жоғары сенімділік көрсетіп, шешуші сәттерде өз деңгейін дәлелдей білді. Ромеро жерде өткен 5 жекпе-жектің үшеуін және әуедегі 4 дуэльдің үшеуін жеңіп шықты. Сонымен қатар, ол 93 пайыз дәлдікпен 14 пас орындап, олардың екеуі сәтті ұзын пас (лонгбол) болған.
Кристиан Ромероның бұл ойындағы сенімді ойыны «Тоттенхэмнің» қақпасын құрғақ ұстауға және 1984 жылдан бергі алғашқы халықаралық трофейге қол жеткізуіне айрықша үлес қосты.