КФФ КПЛ-дің 26-турының даулы төрешілік шешімдерін талдады
КФФ төрешілік және инспекция департаментінің директоры Нуно Алешандре Паррейра де Каштру 2026 жылғы Премьер-лиганың 26-туры матчтарындағы жекелеген ойын эпизодтарына Халықаралық футбол қауымдастықтары кеңесінің (IFAB) ойын ережелеріне сәйкес түсініктеме берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Қызылжар» - «Жеңіс»
90-минут. Бірінші эпизодта айып алаңындағы жағдай қарастырылды. Доп үшін шабуылшы мен қорғаушының күресі кезінде дененің жоғарғы бөлігінде болмашы байланыс болған.
Қайталаудан аяқтан шалу немесе аяқ тұсында байланыс болмағаны көрінеді. Дененің жоғарғы бөлігіндегі байланыс өте аз болған және шабуылшының құлауына себеп болмаған.
Мұндай жағдайда пенальти белгілеуге негіз жеткіліксіз.
«Қайсар» - «Атырау»
62-минут. Екінші эпизодта екі ойын жағдайы қарастырылды. Біріншісінде ойланбай жасалған сырғанап жасалған тартып алу әрекеті, екіншісінде қақпашының допты қолмен ойнауы орын алған.
Қайталаудан қорғаушы №5-тің ойланбай сырғанап жасалған әрекетке барғаны көрінеді. Төреші ойынды бірден тоқтатпаған, өйткені зардап шеккен ойыншының серіктесінде шабуылды жалғастыруға жақсы мүмкіндік болған.
Алайда доп ойыннан шыққаннан кейін ереже бұзған қорғаушыға сары қағаз көрсету керек еді.
Екінші эпизодта қақпашының айып алаңының ішінде допты қолымен ойнағаны көрінеді. Кейін ол инерциямен айып алаңының сыртына шығып кетіп, допқа сол жерде қолымен сәл тиіп кеткен.
Бұл жағдайда дұрыс шешім — тәртіптік жаза қолданбай, айып добын белгілеу болған.