«Ақысын төлесін - мен дайынмын»: Еркебұлан Тоқтар Данияр Елеусіновтің шақыруын қабыл алды
Қазақстандық ММА файтері Еркебұлан Тоқтар Данияр Елеусіновтің өзіне қатысты өткір мәлімдемесіне жауап берді. Бұған дейін Олимпиада чемпионы оны «хайпожор» деп атап, бір раундқа жеткізбей жеңе алатынын меңзеген еді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Тоқтар Елеусіновтің мұндай реакциясына нақты не себеп болғанын түсінбейтінін айтты. Оның сөзінше, Данияр мұндай пікірді алғаш рет айтып отырған жоқ.
«Шынымды айтсам, Даниярды нақты немен ренжіткенімді түсінбеймін. Ол мені жеңе алатынын бұған дейін де бірнеше рет айтқан. Мүмкін, мені Мотиватормен шатастырып жүрген шығар. Данияр - Олимпиада чемпионы, бокстағы деңгей айырмашылығын жақсы түсінемін. Егер менімен шығу оған принципті мәселе болса, ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын», - деді Тоқтар.
Еркебұлан қажет болса, артық дабырасыз қарапайым спарринг өткізуге де дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, Олимпиада чемпионынан жеңілу ұят емес.
«Егер мақсат тек мені ұру болса, залда кездесіп, спарринг өткізуге болады. Олимпиада чемпионына, оның үстіне өзіміздің қазақстандық спортшыға, ағаға есе жіберудің еш ұяты жоқ», - деді ол.
Сонымен қатар Тоқтар көрермен алдында толыққанды жекпе-жек өткізу үшін бәрі кәсіби деңгейде ұйымдастырылуы тиіс екенін атап өтті.
«Егер сөз нағыз жекпе-жек туралы болса, онда промоутерлер араласып, шарттарын келісіп, гонорар төлесін. Ондай жағдайда шығуға дайынмын және барынша лайықты өнер көрсетуге тырысамын. Данияр екеуміз кездеспейінше, ол тынышталмайтын сияқты», - деп қосты файтер.
Тоқтар сондай-ақ Олимпиада чемпионының деңгейін ешқашан төмендетіп сөйлемегенін және Елеусіновтің бұл жағдайды неге соншалықты өткір қабылдағанын түсінбейтінін айтты.
Бұл - екі спортшы арасындағы алғашқы ашық сөз алмасу емес. Қаңтар айында Елеусінов Тоқтармен тек жақсы гонорар үшін жұдырықтасуға дайын екенін айтып, рингтегі басымдығына күмән келтірмеген еді.
Енді Еркебұлан да мұндай жекпе-жекке дайын екенін ашық жеткізді. Екі спортшы арасындағы сөз қағысы нақты айқасқа ұласа ма - оны уақыт көрсетеді.
Еркебұлан Тоқтар соңғы жекпе-жегін 2026 жылғы 28 тамызда Астанада өткен IBA Nomad International Boxing Day турнирінде өткізді. Оның қарсыласы өзбекстандық Бобиржон Исроилов болды. Кәсіпқой бокс ережесімен өткен кездесуде қазақстандық файтер екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Исроилов жекпе-жек барысында бірнеше рет нокдаунға түсті. Бұл Тоқтардың кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісі болды - үшеуінде де ол қарсыласын мерзімінен бұрын тоқтатты.