Швентек пен Соболенкодан Гауффқа дейін: Рыбакина WTA рейтингінің шыңына жету жолында қай жұлдыздарды жеңді
2026 жыл Елена Рыбакина үшін қазірдің өзінде ерекше маусымға айналды. Қазақстандық теннисші Australian Open мен US Open турнирлерінде жеңіске жетіп, Уимблдон-2022 титулына тағы екі «Үлкен дулыға» жүлдесін қосты. Ал 14 қыркүйекте ол алғаш рет WTA рейтингінің ресми көшбасшысы атанды.
Әлемдік рейтингтің шыңына апарар жол оңай болған жоқ. Маусым барысында Рыбакина Арина Соболенко, Ига Швентек, Джессика Пегула, Коко Гауфф, Мирра Андреева және басқа да үздік теннисшілермен бірнеше рет кездесті. Sports24.kz Еленаның 2026 жылы мықты қарсыластарына қарсы қол жеткізген ең маңызды жеңістерін жинады.
Ига Швентек - Australian Open
Маусымдағы алғашқы ірі жеңістердің бірі Australian Open турнирінде тіркелді. Ширек финалда Рыбакина әлемнің екінші ракеткасы Ига Швентекпен кездесті.
Бірінші сет тартысты өтіп, Еленаның пайдасына 7:5 есебімен аяқталды. Екінші партияда қазақстандық теннисші ойынды толық бақылауына алып, қарсыласына небәрі бір гейм берді - 6:1.
Рыбакина матч барысында 11 эйс жасап, 26 рет допты бірден ұпайға айналдырды. «Үлкен дулыға» турнирлерінің алты дүркін чемпиондарын жеңген Елена Australian Open жартылай финалына жолдама алды.

Джессика Пегула - бірнеше айда үш жеңіс
Джессика Пегуламен өткен кездесулер Рыбакинаның маусымындағы жеке бір тарауға айналды. 2026 жылы олар үш рет кездесіп, үшеуінде де Елена жеңіске жетті.
Алғашқы матч Australian Open жартылай финалында өтті. Рыбакина әлемнің алтыншы ракеткасын 6:3, 7:6(7) есебімен жеңіп, финалға шықты.
Бірнеше аптадан кейін олар Indian Wells турнирінің ширек финалында қайта кездесті. Бұл кезде Пегула әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған еді. Соған қарамастан Рыбакина тағы да басым түсті - 6:1, 7:6(4).
Үшінші кездесу Miami Open ширек финалында өтті. Бұл жолы америкалық теннисші алғашқы партияны өз еншісіне алды, бірақ Елена матчтың бағытын өзгертіп, 2:6, 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Рыбакина мен Пегуланың 2026 жылғы өзара кездесулеріндегі есеп - 3:0, қазақстандық теннисшінің пайдасына.
Арина Соболенко - «Үлкен дулығаның» екі финалы
Рыбакина үшін маусымдағы басты бәсекелердің бірі Арина Соболенкомен өткен матчтар болды.
Елена алғашқы үлкен жеңісін Australian Open финалында тіркеді. Ол кезде Соболенко әлемдік рейтингтің бірінші сатысында тұрған және Мельбурндағы финалға төртінші жыл қатарынан жеткен еді.
Рыбакина шешуші матчты үш сетте - 6:4, 4:6, 6:4 есебімен жеңіп, алғаш рет Australian Open чемпионы атанды. Турнир барысында ол әлемнің екінші ракеткасы Швентекті, алтыншы ракеткасы Пегуланы және бірінші ракеткасы Соболенконы қатарынан жеңді.
Көктемде Арина екі рет қарымта қайтарды - Indian Wells финалында және Майами жартылай финалында. Алайда маусымдағы ең маңызды кездесулерде басымдық Елена жағында қалды.
US Open финалында Рыбакина Соболенкомен тағы кездесті. Қазақстандық теннисші 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіп, қарсыласының Нью-Йорктегі 20 матчқа созылған жеңісті сериясын тоқтатты. Сонымен қатар бұл Еленаның мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға» титулы болды.

Элина Свитолина - Indian Wells
Indian Wells финалына жету жолында Рыбакина топ-10 қатарына кіретін тағы бір теннисші - Элина Свитолинаны жеңді.
Жартылай финалда Елена әлемнің тоғызыншы ракеткасын екі сетте - 7:5, 6:4 есебімен ұтты.
Сол сәтте Рыбакинаның топ-10 өкілдеріне қарсы жеңісті сериясы 12 матчқа жеткен еді. Бұл серияны тек финалда Соболенко тоқтатты.
Мирра Андреева - Штутгарт
Хард маусымынан кейін сазды кортқа ауысқанда да Рыбакина жоғары деңгейін сақтап қалды.
Штутгарттағы WTA 500 турнирінің жартылай финалында қазақстандық теннисші сол кезде әлемнің үздік ондығына кірген Мирра Андреевамен кездесті.
Елена 7:5, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Тартысты алғашқы партиядан кейін Рыбакина ойынды толық бақылауына алып, соңғы тоғыз геймнің сегізін өз пайдасына шешті.
Кейін финалда Каролина Мухованы жеңіп, Штутгарт турнирінің чемпионы атанды.
Коко Гауфф - бір айда екі рет
Маусымның жазғы бөлігінде Рыбакина тағы бір мықты қарсыласын қатарынан бірнеше рет жеңді.
Торонтодағы WTA 1000 турнирінің жартылай финалында Елена Коко Гауффпен кездесті. Қазақстандық теннисші алғашқы сеттен ұтылғанымен, матчтың бағытын толық өзгертті - 5:7, 6:2, 6:2.
Бірнеше аптадан кейін олар US Open жартылай финалында тағы жолықты.
Сценарий бұл жолы да ұқсас болды. Гауфф бірінші партияны алды, бірақ Рыбакина камбэк жасап, 3:6, 6:4, 6:4 есебімен жеңді. Осы нәтиже Еленаны мансабында алғаш рет US Open финалына шығарды.
Наоми Осака - екі жеңіс
Наоми Осакамен өткен кездесулер де Рыбакинаның 2026 жылғы маусымында ерекше орын алады.
Тамызда Торонтодағы турнирдің ширек финалында Елена «Үлкен дулығаның» төрт дүркін чемпионымен кездесті. Қазақстандық теннисші бірінші сеттен ұтылғанымен, екінші партияда тай-брейкте жеңіске жетіп, шешуші сетте басым түсті - 4:6, 7:6 (7:5), 6:4.
Бір айға жетпей екі теннисші US Open турнирінің 1/8 финалында қайта кездесті. Бұл жолы Рыбакина матчты созбай, Осаканы 6:1, 6:4 есебімен сенімді жеңді.
Осылайша, Рыбакина мен Осаканың 2026 жылғы екі кездесуі де Еленаның жеңісімен аяқталды.

Чжэн Циньвэнь - әлемдік рейтингтің шыңына шығарған жеңіс
Рыбакина 2026 жылы Чжэн Циньвэньмен де бірнеше рет кездесті.
Ақпан айында Дохадағы WTA 1000 турнирінде Елена қытайлық теннисшіні үш сетте - 4:6, 6:2, 7:5 есебімен жеңді. Көктемде Мадридте Рыбакина тағы да алғашқы партиядан ұтылғанымен, матчты өз пайдасына бұра алды - 4:6, 6:4, 6:3.
Алайда олардың ең маңызды кездесуі US Open турнирінде өтті.
Ширек финалда Париж-2024 Олимпиадасының чемпионына қарсы Рыбакина бірінші сеттен тағы да ұтылды. Бірақ кейін ойынын күшейтіп, 3:6, 6:1, 6:4 есебімен камбэк жасады.
Дәл осы жеңіс Еленаға WTA рейтингінде бірінші орынға шығуға кепілдік беріп, Соболенконың 99 аптаға созылған көшбасшылығына нүкте қойды.
Рыбакинаны бірінші орынға алып келген маусым
Бұл маусымда бір ғана жеңіс емес, Рыбакина жеңген қарсыластардың деңгейі ерекше әсер қалдырады.
Швентек, Пегула, Соболенко, Свитолина, Андреева, Гауфф, Осака және Чжэн - Елена олардың бәрін әртүрлі турнирлерде, әртүрлі кезеңдерде жеңе білді.
Маусымдағы екі басты турнир де ұқсас аяқталды: Рыбакина Australian Open мен US Open финалдарында Соболенконы жеңді. Мельбурнда ол алғаш рет чемпион атанса, Нью-Йоркте үшінші «Үлкен дулыға» титулын иеленіп, әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесіне жетті.
Қазір Рыбакинаның қоржынында Уимблдон-2022, Australian Open-2026 және US Open-2026 титулдары бар. Төрт «Үлкен дулыға» турнирінің ішінен оған әлі бағынбағаны - тек «Ролан Гаррос».