Иран ӘЧ-2026 алдында тағы бір мәселеге тап болды
Иран құрамасы әлем чемпионаты-2026 қарсаңында тағы бір күтпеген мәселеге тап болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл жолы дау ұлттық құраманың жанкүйерлеріне бөлінген билеттерге байланысты шықты.
Иран жанкүйерлерін билет квотасынан айырды
The Touchline мәліметінше, Иран құрамасының жанкүйерлеріне алдын ала бөлінген билет квотасы күтпеген жерден кері қайтарылды.
Бұл ақпаратты Иран футбол федерациясы да растады. Ұйым өкілдері мұндай шешімнің өздері үшін де тосын болғанын айтты.
Алайда билет квотасының не себепті тоқтатылғаны әзірге ресми түрде түсіндірілген жоқ.
Жағдай әлем чемпионаты басталар алдында ирандық жанкүйерлер арасында үлкен наразылық тудырды.

Иран құрамасы бұған дейін де қиындыққа тап болды
Бұл ӘЧ-2026 алдындағы Иранға қатысты алғашқы даулы жағдай емес. Бұған дейін БАҚ-та Иран құрамасына ойын күндерінен тыс уақытта АҚШ аумағында болуға шектеу қойылғаны хабарланған еді.
Мәлімет бойынша, команда Мексикада орналасып, АҚШ-қа тек матч күндері ғана келіп-кететін болады.
Сонымен қатар делегация мүшелерінің бір бөлігі америкалық виза ала алмағаны да белгілі болған.
Әлем чемпионаты-2026 турнирінде Иран құрамасы G тобында өнер көрсетеді. Команданың қарсыластары - Бельгия, Мысыр және Жаңа Зеландия құрамалары.