Гвардиола Эдерсонның «Манчестер Сити» құрамындағы болашағы туралы пікір білдірді
Бас бапкер қақпашының Катарға кетуі мүмкін деген қауесеттерге жауап беріп, шешімді клуб қабылдайтынын айтты
ФОТО: Instagram:pepteam
Ағылшын Премьер-лигасының алғашқы турында «Манчестер Сити» «Вулверхэмптонды» 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Кездесуден кейін бас бапкер Хосеп Гвардиола құрамда болмаған Эдерсонның жағдайына қатысты пікір білдірді.
Матчқа Эдерсонның қатыспауы жанкүйерлер мен БАҚ өкілдерінің назарын аударды. Қақпашының Катарға ауысуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Алайда, Гвардиола бұл туралы ешқандай ресми мәлімет жоқ екенін айтып, оның құрамнан тыс қалуына ауру себеп болғанын түсіндірді:
«Менде ешқандай ақпарат жоқ. Кеше оның гастроэнтеритпен ауырғанын білдім. Осыдан кейін клубпен бұл тақырыпта сөйлескен жоқпын. Жаңалық жоқ», — деді маман.
«Мен үнемі айтып келемін: егер футболшы кеткісі келсе, ол кете алады. Бірақ клубтың шарттарымен. Біз біреуді сатып аларда басқа клубтың талаптарын орындаймыз. Мұнда да солай. Егер біреу өзін жайсыз сезінсе, келісімге келу маңызды. Бірақ соңғы шешімді әрдайым клуб қабылдайды, мен емес. Алдағы екі аптада не болатынын білмеймін».
Қазіргі таңда Эдерсон «Манчестер Сити» құрамында қалуда, бірақ трансфер терезесі жабылғанға дейін оның болашағы шешілуі мүмкін.