Эль-Класико алдындағы жанжал: Барселонада сүйісіп тұрған Ямаль мен Мбаппенің бейнесі жойылды
Жұма, 23 қазанда, Барселона орталығында Испанияның екі алпауыты арасындағы алдағы текетіреске қатысты ерекше оқиға болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Италиялық танымал стрит-арт суретшісі TVBoy жаңа туындысын таныстырды. Онда «Барселонаның» шабуылшысы Ламин Ямаль мен Мадридтің «Реалы» форварды Килиан Мбаппе сүйісіп тұрған сәтте бейнеленген.
Футболшылар клубтарының жейдесін киген, ал олардың аяғының тұсына суретші «Алтын допты» орналастырған. Осылайша автор испан клубтары арасындағы принципті текетіресті ғана емес, екі жұлдыздың беделді жеке жүлде үшін күресін де астарлаған.
Алайда өнер туындысы бірден дерлік вандалдардың шабуылына ұшырады.
Испаниялық басылымның мәліметінше, белгісіз адамдар футболшылардың жүздері мен сүйісіп тұрған бейнесін өшіруге тырысып, суреттің орталық бөлігін бүлдірген.
Туынды авторы болған жағдайға әлеуметтік желілерде эмоциялық реакция білдірді.
«Жұмыс бір сағатқа да жетпеді. Футболдағы зорлық-зомбылық пен гомофобияға қарсы сүйісу. Бұл мұндай үндеудің әлі де қажет екенін дәлелдейді», — деді TVBoy.
Айта кетерлігі, суретші бұған дейін де осыған ұқсас тақырыпқа жүгінген.
2017 жылы ол Лионель Месси мен Криштиану Роналду сүйісіп тұрған әйгілі муралды жасаған. Туынды Барселонада Эль-Класиконың біріне дейін пайда болып, кейін кеңінен танымал болды.
Арада тоғыз жыл өткен соң суретші әлемдік футболдың екі аңызын қазіргі буынның басты жұлдыздарымен алмастырып, идеясын қайталауды ұйғарды.
Еске салайық, «Барселона» мен Мадридтің «Реалы» арасындағы принципті текетірес 25 қазанда Испания Ла Лигасының оныншы туры аясында «Камп Ноу» стадионында өтеді.
Сонымен қатар, 26 қазанда Лондонда екі футболшы да үміткер болып отырған «Алтын доп» жүлдесін табыстау рәсімі өтеді.