«Арсеналға» ауыр соққы: лондондықтардың көшбасшысы маусым қызған шақта екі айға қатардан шығуы мүмкін
Лондондық «Арсенал» негізгі футболшыларының бірінен ұзақ уақытқа айырылып қалуы мүмкін. Англия құрамасының қанат ойыншысы Букайо Сака Мюнхеннің «Бавариясына» қарсы Чемпиондар лигасы матчында ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
BBC Sport мәліметінше, 25 жастағы футболшы санның төртбасты бұлшықеті жарақатына байланысты сегіз аптаға дейін алаңнан тыс қалуы мүмкін. Алғашқы медициналық тексеру ағылшын ойыншысының қалпына келуіне кемінде алты апта қажет екенін көрсетті, алайда оның бұдан да ұзақ уақытқа қатардан шығу ықтималдығы бар.
Сака жарақатты 21 қазанда Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі «Баварияға» қарсы матчта (2:2) алды. Кездесудің оныншы минутында футболшы аяғының қатты ауырғанын сезіп, алаңнан кетуге мәжбүр болды. Оның орнына Эберечи Эзе шықты.
«Арсеналдың» бас бапкері Микель Артета команда көшбасшыларының бірінің жағдайы үлкен алаңдаушылық туғызып отырғанын растады.
«Оның жарақаттанған аймағында сұйықтық көп жиналған, сондықтан жарақаттың ауырлық дәрежесін анықтау қиын болды. Бізге қосымша МРТ тексеруі мен мамандардың кеңесі қажет», — деді испаниялық маман.
Артетаның айтуынша, Саканың алаңнан өз бетімен кете алмай қиналғаны ерекше алаңдатарлық белгі болған.
Егер бастапқы болжамдар расталса, ағылшын қанат ойыншысы «Арсеналдың» «Ливерпульге», Дортмундтың «Боруссиясына» және «Манчестер Ситиге» қарсы маңызды кездесулерін өткізіп алады.
Сонымен қатар футболшының Ұлттар лигасы аясында қараша айында Хорватия мен Испанияға қарсы өтетін Англия құрамасының матчтарына қатысуы да күмән астында қалды.
Саканың жоғалуы бірден бірнеше турнирде күресін жалғастырып жатқан Артета командасы үшін үлкен сынақ болуы мүмкін. Осы маусымда ағылшын футболшысы лондондықтардың шабуыл шебіндегі ең маңызды орындаушылардың бірі болып отыр.
Қалпына келудің нақты мерзімі қосымша медициналық тексерулерден кейін белгілі болады. Әзірге «Арсенал» Саканың екі айға қатардан шыққанын ресми түрде растаған жоқ.