Дастан Сәтпаевтің бейімделуі: оның ойыны әр матч сайын қалай өзгеріп келеді
Дастан Сәтпаев Англиядағы мансабын енді бастағанымен, «Бернли» сапындағы алғашқы төрт матчтың өзінен-ақ оның командадағы рөлінің қалай өзгеріп келе жатқанын байқауға болады. Алғашқы ойында қосалқы құрамнан алаңға шыққан қазақстандық футболшы біртіндеп негізгі құрамнан орын алып, кейін матчтың үздік ойыншысы атануға дейін жетті.
Sports24.kz 18 жастағы қазақстандықтың «Бернли» сапындағы алғашқы төрт кездесуіндегі статистикасын жинап, оның ағылшын футболына бейімделу барысына назар аударды.
Сәтпаев үшін алғашқы сынақ Чемпионшип аясындағы «Вест Бромвичке» қарсы кездесу болды. Ол алаңға 57-минутта шығып, ресми матчта алғаш рет ағылшын футболының қарқынын сезінді. Берілген уақытта Дастан допқа 22 рет тиіп, 16 пастың 14-ін дәл орындады. Сондай-ақ доппен жеті рет алға жылжып, екі жекпе-жекте жеңіске жетті. Бұл кездесуде шабуылда аса көп мүмкіндік болмағанымен, қазақстандық доппен ұқыпты әрі сенімді ойнады.
Келесі қадамды Сәтпаев Англия лигасы кубогында «Брэдфорд Ситиге» қарсы матчта жасады. Бұл жолы ол алғаш рет «Бернлидің» негізгі құрамында шығып, 80 минут ойнады. SofaScore оның ойынын 7,1 балға бағалады. Бұл командадағы үшінші үздік көрсеткіш болды. Дастан екі соққы жасап, бір шешуші пас берді және 35 пастың 30-ын әріптестеріне дәл жеткізді.

Әсіресе оның допсыз ойыны мен жекпе-жектердегі белсенділігі көзге түсті. Сәтпаев төменгі жекпе-жектердің алтауынан бесеуінде, әуедегі екі тартыстың бірінде жеңіске жетті. Қарсыластар оны бірде-бір рет бір-бір форматында алдап өте алмады. Сонымен қатар Дастан доппен 18 рет алға жылжып, жалпы 200 метрден астам қашықтықты жүріп өтті. «Бернли» пенальти сериясында жарыстан шығып қалса да, бұл матч Сәтпаев үшін негізгі құрамдағы алғашқы толыққанды сынақ болды.
Ал «Норвичке» қарсы ойында қазақстандық Чемпионшипте алғаш рет толық 90 минут өткізді. Осы кездесуде оның шабуылдағы белсенділігі айқын артты.
Сәтпаев қарсылас айып алаңында допқа бес рет тиіп, бес рет дриблингке барды және қақпаға үш соққы жасады. Бұдан бөлек, әріптестеріне үш қауіпті мүмкіндік дайындап, бес рет допты қайта қайтарып алды. Жалпы матч барысында ол допқа 55 рет иелік етті.

«Бернли» 1:4 есебімен ауыр жеңіліске ұшырағанымен, Дастанның ойыны жоғары бағаланды. Rising Stars XI оны алаңдағы үздік футболшылардың бірі деп атады. «Норвичке» қарсы матч оның ойынындағы маңызды өзгерісті көрсетті: енді Сәтпаев тек командалық құрылымнан түсіп қалмауға тырысып қана қоймай, бастаманы жиі өз қолына алып, шабуылды өткірлеуге ұмтыла бастады.
Төртінші матч әзірге оның ең жарқын кездесуі болды.
«Мидлсброға» қарсы ойында Сәтпаев қатарынан үшінші рет негізгі құрамнан шығып, 80 минут өткізді. Қазақстандық екі рет қақпаға соққы жасады және екеуі де дәл бағытталды. Оның xG көрсеткіші 0,16 болса, қақпаға дәл бағытталған соққылар бойынша xG 0,68-ді құрады.
Дастан қарсылас айып алаңында допты үш рет қабылдап, бір шешуші пас берді және допты таратуда өте сенімді болды - 18 пастың 17-сі дәл жетті. Алаңның соңғы үштен бір бөлігінде ол жеті пастың алтауын сәтті орындап, төрт жекпе-жектің үшеуінде жеңіске жетті және қорғаныста да бір сәтті доп тартып алумен көзге түсті.
Матчтан кейін ең маңызды баға берілді. Кездесу 1:1 есебімен аяқталып, Сәтпаев ресми түрде ойынның үздік футболшысы атанды. 80-минутта алаңнан шыққан кезде «Бернли» жанкүйерлері оны қошеметпен шығарып салды.

Осы төрт матчты қатар алып қарасақ, прогресс тек бағалардан емес, ойынның өзінен де көрінеді. «Вест Бромвичке» қарсы дебютте Дастан жаңа деңгейге бейімделіп, доппен сенімді ойнауға тырысты. «Брэдфорд Ситиге» қарсы кубок матчында алғашқы рет негізгі құрамнан шығып, жекпе-жектердің жоғары қарқынына төтеп бере алатынын көрсетті. «Норвичпен» кездесуде дриблингке жиі барып, шабуылды өткірлетуге және мүмкіндік жасауға кірісті. Ал «Мидлсброға» қарсы матчта белсенділігіне тиімділікті де қосты - екі соққысы да қақпаға дәл тиіп, өзі Англиядағы алғашқы жеке марапатына ие болды. Әзірге Сәтпаевтың «Бернли» сапында голы немесе нәтижелі пасы жоқ. Соған қарамастан, оның команда ойынына ықпалы матч сайын артып келеді. Бар болғаны төрт кездесудің ішінде ол қосалқы құрамнан шығатын дебютанттан негізгі құрам ойыншысына, одан әрі матчтың үздігі атанған футболшыға айналды.
Бұған дейін «Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен Sports24.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұқбатында Сәтпаевтың «Мидлсброға» қарсы ойынын бөле-жара атап өткен еді. Қазақстандық алаңда 80 минут өткізіп, қақпаға екі дәл соққы жасады және матчтың үздік ойыншысы атанды. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Осылайша, бірнеше аптаның ішінде Сәтпаев қосалқы құрамнан алғашқы минуттарын өткізген жас ойыншыдан «Бернлидің» негізгі құрамындағы ең көзге түсетін футболшылардың біріне айналды. Оның осы қарқынын жалғастыруға келесі мүмкіндігі 5 қыркүйекте туады. Чемпионшиптің бесінші турында Ники Хайен командасы өз алаңында «Бристоль Ситимен» кездеседі.