UFC Fight Night 294 турнирінде қазақстандықтардың жекпе-жектерін қайдан және қашан көруге болады
Сенбі, 21 қарашада, Дохада (Катар) UFC Fight Night 294 турнирі өтеді. Онда қазақстандық екі файтер — Асу Алмабаев пен Дияр Нұрғожай өнер көрсетеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық спортшылардан октагонға алғаш болып Дияр Нұрғожай шығады. Оның қарсыласы — америкалық Алик Лоренц (8-2). Жартылай ауыр салмақтағы жекпе-жек үш раундқа жоспарланған және Қазақстан уақытымен шамамен 20:20-да басталады.
Кейін турнирде Асу Алмабаев өнер көрсетеді. Қазақстандық файтер аса жеңіл салмақтағы үш раундтық жекпе-жекте жапониялық Кёдзи Хоригутиге (36-6) қарсы шығады. Олардың айқасы шамамен 23:20-да басталады деп жоспарланған.
Нұрғожай мен Алмабаевтың жекпе-жектерін тікелей эфирде UFC-дің ресми сайтынан көруге болады.
Еске салайық, Дияр Нұрғожай октагонға соңғы рет тамыз айында шықты. Сол кезде ол бразилиялық Бруно Лопесті (14-4) бірінші раундта нокаутқа түсірді.
Асу Алмабаев бұған дейінгі жекпе-жегін маусымда өткізіп, америкалық Чарльз Джонсонды (20-9) жеңді. Ол айқасты үшінші раундта сабмишнмен аяқтады.