Өзбекстандық Геннадий Головкиннің орынбасары болып ресми сайланды
Өзбекстан бокс федерациясының бас хатшысы Миршохид Тиллабоев халықаралық World Boxing ұйымының вице-президенті болып сайланды, деп хабарлайды Sports24.kz федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сайлау 20 қарашада Панама-Ситиде (Панама) өткен World Boxing ұйымының кезекті конгресінде өтті.
Өзбекстан федерациясының мәліметінше, дауыс беруге 95 ұлттық федерацияның өкілдері қатысты. Вице-президенттікке ұсынылған Тиллабоев қарсыластарынан едәуір көп дауыс жинап, жеңіске жетті.
Бұл лауазымға Қазақстан өкілі Рауан Игенев те үміткер болды. Осылайша, Тиллабоев World Boxing ұйымында мұндай деңгейдегі басшылық қызметке тағайындалған алғашқы өзбекстандық атанды.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы қарашадан бастап халықаралық ұйымның президенті — қазақстандық боксшы Геннадий Головкин.
Кәсіпқой бокстағы мансабында қазақстандық боксшы 40 жекпе-жек өткізіп, 37 рет жеңіске жеткен, екі рет жеңіліп, бір кездесуді тең аяқтаған. Ол соңғы жекпе-жегін 2022 жылғы қыркүйекте өткізіп, екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атағы үшін айқаста Сауль Альвареске есе жіберді.
Головкин WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын 19 рет, ал WBC титулын бес рет қорғады. Әуесқой бокста ол 2004 жылғы Олимпиада ойындары мен 2003 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
2024 жылғы ақпаннан бастап Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетін де басқарады.