«Біз біраз уақыт бойы дәл осындай деңгейде болмадық». Пеп Гвардиола «Ювентуске» қарсы ойын жайлы
26-нан 27 маусымға қараған түні өткен клубтар арасындағы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі соңғы турда «Манчестер Сити» мен «Ювентус» командалары кездесіп, ағылшын ұжымы 5:2 есебімен айқын жеңіске жетті.
Бұл нәтиже Пеп Гвардиола шәкірттеріне G тобында 9 ұпаймен бірінші орын алып, плей-офф кезеңіне сенімді өтуге мүмкіндік берді. Ойыннан кейін «Сити» бас бапкері өз командасының өнеріне жоғары баға берді:
«Маған біздің ойынымыз қатты ұнады. Біз біраз уақыт бойы дәл осындай деңгейде - доппен де, допсыз да - ойнай алмаған едік. Футболшылар тамаша өнер көрсетті. Бұл тек бір ойын ғана, бірақ меніңше, бүгін олар нағыз мықты команда болғанын жүрекпен сезінді. Өзіңе деген сенім - өткен жетістіктерден емес, дәл қазіргі ойын деңгейінен туындайды», - деді Гвардиола.
Осы матчтан кейін «Ювентус» 6 ұпаймен екінші орын иеленіп, плей-офф кезеңіне өтті. Ал «Әл-Әйн» (3 ұпай) мен «Видад» (0 ұпай) турнирмен қош айтысты.