«Бернлидің» бас компаниясы Ұлыбританияда ірі қаржылық дауға қалды
Ұлыбританияның Компаниялар тіркеу палатасы «Бернли» футбол клубының бас компаниясы болып табылатын Velocity Capital (UK) Holdings-ке қаржылық есептілікті екі жылға жуық уақыт бойы тапсырмағаны үшін ескерту жасады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Burnley Express басылымының мәліметінше, алғашқы есептілік 2024 жылғы 24 желтоқсанға дейін тапсырылуы тиіс болған, алайда бұл талап әлі күнге дейін орындалмаған.
- Сондай-ақ оқыңыз: Фабио Челестини кім? Сәтпаевтың «Бернлидегі» ықтимал жаттықтырушысына жан-жақты талдау
Егер есептілік мәселесі екі ай ішінде шешілмесе, компания заңды түрде таратылып, оның барлық активтері, соның ішінде футбол клубының акциялары да Ұлыбританияның меншігіне өтуі мүмкін.
ALK Capital өкілдері бұл жағдайдан хабардар екенін айтып, оны «әкімшілік қателік» деп атады. Қазір олар қажетті құжаттарды алдағы апталарда тапсыру үшін аудиторлармен белсенді жұмыс істеп жатыр.
Velocity Capital (UK) Holdings Limited — Дастан Сәтпаев өнер көрсететін «Бернли» футбол клубының бас компаниясы. Компания клуб акцияларының 82,7 пайызына иелік етеді. Бұл құрылым Алан Пейс басқаратын америкалық ALK Capital компаниясының инвестициялық қанаты саналады.
Бұл жаңалық «Бернли» иелері үшін дүрбелеңге толы апталардың тізбегін одан әрі толықтырды. Олар енді «Линкольн Ситиге» 4:1 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін қызметінен босатылған Ники Хайеннің орнына жаңа жаттықтырушы іздеп жатыр.