«Ол тіпті Бундеслигадағы үздік ойыншы да емес»: Франция құрамасының экс-жұлдызы Кейннің «Алтын добын» сынға алды
Франция құрамасы мен «Манчестер Ситидің» бұрынғы футболшысы Самир Насри 2026 жылғы «Алтын допты» Мюнхеннің «Бавариясы» шабуылшысы Гарри Кейнге табыстау туралы шешімді сынға алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Француз экс-жартылай қорғаушысы беделді марапат иегерін анықтау кезінде басшылыққа алынған өлшемдерге таңданысын білдірді. Оның пікірінше, ағылшын форварды Германия чемпионатындағы ең үздік футболшы да болмаған.
«Мен бұған мүлде келіспеймін. Бұл қандай негізге сүйеніп жасалды? Тек соғылған голдарға ғана ма? Ол — Бундеслиганың үздік ойыншысы емес. Үздік ойыншы — Олисе. Ол тіпті әлем чемпионатында Англия құрамасының сапында да ең үздік ойыншы болған жоқ», — деді Насри.
Осылайша, француз Кейннің жоғары нәтижелілігіне қарамастан, оның жеке басымдығына күмән келтірді.
Бір қызығы, Насри Бундеслиганың үздік футболшысы ретінде «Баварияның» тағы бір өкілі — Майкл Олисені атады. Француз вингері мюнхендік клубтағы өнерінің арқасында «Алтын допқа» үміткерлер қатарында болған.
Еске сала кетейік, Гарри Кейн 2026 жылдың қорытындысы бойынша мансабында алғаш рет «Алтын доп» иегері атанды. Ағылшын шабуылшысы Килиан Мбаппе мен Ламин Ямальді қоса алғанда, өзге үміткерлерден озып түсті.
Кейнге марапат табыстау туралы шешім бұрынғы футболшылар мен сарапшылар арасында пікірталас тудыруын жалғастыруда.