Барлығы соңғы сәтте шешілді. «Торпедо» тартысты ойында «Ордабасыдан» жеңісті жұлып алды
10 шілде күні Кутаиси қаласында УЕФА Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы кездесуі өтті. Жергілікті «Торпедо» мен шымкенттік «Ордабасы» арасындағы ойын нағыз драмаға айналды - қарсыластар бір-бірінің қақпасына жеті мәрте доп соғып, соңғы минутта грузиялықтар жеңісті жұлып алды.
Алғашқы гол 30-минутта Маарс Джонсонның дәл соққысымен тіркелді. Алайда шымкенттіктер тез жауап берді: 32-минутта Михай таразы басын теңестірсе, арада үш минут өткенде Лука Имназдзе есепті 2:1-ге жеткізді. Дегенмен, бірінші таймның қосымша уақытында Матей Шимич «Торпедо» үшін есепті қайта теңестірді - 2:2.
Екінші таймда «Ордабасы» тағы да алға шықты: 69-минутта бұрыштамадан келген допты қорғаушы Сағадат Тұрсынбай қақпаға дәл бағыттады. Бірақ жеңіс қолдан сусып кетті: 79-минутта Джонсон дубль жасап, ал 90+1-минутта Шимич тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсіп, шешуші голдың авторы атанды - 4:3.
УЕФА Конференциялар лигасы. 1-і іріктеу кезеңі
«Торпедо» (Грузия) — «Ордабасы» (Қазақстан) — 4:3 (2:2)
Голдар: Джонсон 30 (1:0); Михай 32 (1:1); Имназдзе 35 (1:2); Шимич 45+2 (2:2); Турсынбай 69 (2:3); Джонсон 79 (3:3); Шимич 91+1 (4:3);
Осылайша, «Торпедо» қарымта кездесу алдында жеңіс есебімен басымдыққа ие болды. Енді 17 шілдеде Шымкентте өтетін жауапты матчта «Ордабасыға» алға ұмтылып, келесі кезеңге шығу үшін бар күшін салуға тура келеді. Тартыс әлі алда.