Қазақстандық төрешілер әйелдер арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне тағайындалды
Қазақстанның екі өкілі 19 жасқа дейінгі әйелдер командалары арасындағы футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу матчтарына тағайындалды. УЕФА халықаралық кездесулерде төрелік етуді Татьяна Сорокопудоваға, ал төрешінің көмекшісі Наргис Магауға сеніп тапсырды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Турнир 28 қараша мен 4 желтоқсан аралығында Хорватияда өтеді. А7 тобының матчтарын Загреб пен Карловац қалалары қабылдайды. Жарыстың келесі кезеңіне жолдама үшін төрт құрама — Хорватия, Франция, Бельгия және Исландия құрамалары таласады.
Сорокопудова бас төреші және қосалқы төреші ретінде тағайындалса, Магау төрешілер бригадасы құрамында қапталда жұмыс істейді.
Қазақстандық төрешілер топтық кезеңнің үш матчына қызмет көрсетуге қатысады. Ел төрешілері үшін бұл — УЕФА аясындағы кезекті халықаралық тағайындау.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы U19 Еуро іріктеу турнирі Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің бір бөлігі саналады. Бұл бәсекеде ұлттық құрамалар жарыстың финалдық кезеңіне жолдама алу үшін күреседі.