locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Кравец «Барыстың» «Северстальді» жеңуіне баға беріп, бір хоккейшіні ерекше атап өтті

Астаналықтардың бас бапкері Бекетаевтың жағдайы мен Бірінші арна кубогына бару туралы да айтты
Хоккей
Кравец «Барыстың» «Северстальді» жеңуіне баға беріп, бір хоккейшіні ерекше атап өтті
ФОТО: ХК «Барыс»

«Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец командасы жеңіске жеткен «Северстальға» қарсы матчты қорытындылады. Маманы қақпашы Дмитрий Николаевтың ойынын ерекше атап өтіп, қорғаушы Бекетаевтың жағдайы туралы айтып, видео жаттықтырушы Сергей Тамбуловтың жұмысына баға берді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Кравец жанкүйерлерді маңызды екі ұпаймен құттықтап, кездесудің басы бапкерлер штабы күткендей өрбімегенін мойындады.

«Ең алдымен, жанкүйерлерімізді, бізге тілеулес барша адамды құттықтағым келеді. Бұл — өте маңызды екі ұпай. Бәрі бірден біз қалағандай бола қойған жоқ. Жігіттерге қарсыластың өте жылдам екенін, паспен жақсы ойнайтынын, сондықтан белсендірек қимылдау керегін айттық. Екінші кезең қатты қуантты. Тек гол соғу керек еді — шешуші әрекет жасауға болатын мүмкіндіктер жеткілікті болды.

Өкінішке қарай, бір қателіктен кейін бірден гол жіберіп алдық. Дмитрий Николаевтың ойынын атап өткім келеді: бүгін лайықты ойын көрсетіп, командаға көмектесті. Демалыс пен қысқа жаттығулардан кейін, дұрыс шешімдеріміздің арқасында жігіттер бұрынғы қалпына келе бастағандай көрінді. Энергиясы да, эмоциясы да жақсарды. Бұл біз үшін маңызды. Алда сырт алаңда үш ойын күтіп тұр. Ең бастысы — ешкім ауырып қалмасын және осы қарқында ойнай берейік», — деді Кравец.

Сондай-ақ бапкер «Барыс» хоккейшілерінің Бірінші арна кубогына қатысуы мүмкін екені туралы сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, ұлттық құраманың тізімін Хоккей федерациясы жариялауы керек.

Кравец Дмитрий Николаевтың таяқшамен ойнауына да тоқталып, қақпашыны бала кезінен білетінін айтты.

«Мен оны «Варягтарда» ойнаған кезінен, бала күнінен білемін. Ол кезде де таяқшамен белсенді ойнайтын. Менің көмекшім, қақпашылар бапкері Валерий Иванников оған осыны үйреткен, бірақ Дмитрийдің өзінде де мұндай қабілет болды.

Ол — ойынға белсенді араласатын қақпашы. Меніңше, шайба қарсылас аймағына тасталғанда қақпашының оны тоқтатуы өте маңызды. Қақпашы шайбаны тоқтатса, шабуылды бастау жеңілірек. Бүгін жарады, тіпті қақпаға соққы жасағысы да келді. Ең бастысы — бәрін дер кезінде істеу, өйткені бүгін оның бір пасынан кейін қауіпті жағдай туындады. Жалпы, қақпашының таяқшамен ойнауын қолдаймын, бұл қорғанысқа көмектеседі», — деді маман.

Бұдан бөлек, бас бапкер соңғы уақытта құрамға ілінбей жүрген қорғаушы Бекетаевтың жағдайы туралы айтты. Кравецтің сөзінше, хоккейші сау және алдағы сырт алаңдағы ойындарда мұзға шығуы мүмкін.

«Денсаулығы жақсы, жаттығуды да өте жақсы өткізіп жүр. Жаттығуларда командадағы жақсы ахуалды сақтауға атсалысады, ұжым үшін алаңдайтыны да көрініп тұр. Сапар барысында оған ойынға қатысуға мүмкіндік береміз деп үміттенемін, өйткені жаттығуда командаға көмектескісі келетінін де, қолынан келетінін де дәлелдеп жүр», — деді бапкер.

Сөз соңында Кравец бірінші кезеңдегі эпизодты қайта қарауды сұрап, команданы ықтимал қауіпті жағдайдан сақтап қалған видео жаттықтырушы Сергей Тамбуловқа алғыс айтты.

«Бұл шынымен де өте маңызды сәт болды. Өйткені сол гол эмоциялық тұрғыдан бізді қатты түсіріп жіберуі мүмкін еді. Сондықтан Сергей Викторовичке осы эпизодты байқап, бірден қосалқы орындыққа хабарлағаны үшін көп рақмет. Жалпы, атқарып жүрген жұмысы үшін де оған алғысым зор. Меніңше, ол — «Барыстың» жеңісіне көмектесіп жүрген өте мықты маман», — деп түйіндеді Кравец.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie