Қазақстан Суперкубогы өтетін күн мен орын аталды
Қазақстан Суперкубогы-2027 матчінің өтуі мүмкін күні мен орны белгілі болды. Жаңа маусымның алғашқы жүлдесі үшін шымкенттік «Ордабасы» мен алматылық «Қайрат» таласады, деп хабарлайды Sports24.kz AmanVIBE инсайдерлік Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Дереккөздің мәліметінше, Қазақстан Суперкубогы үшін матч 2027 жылғы 28 ақпанға жоспарланған. Кездесу «Астана Аренада» өтеді. Шешуші текетіресте Қазақстан Премьер-лигасының аяқталған маусымындағы ең мықты екі команда — «Ордабасы» мен «Қайрат» кездеседі.
Шымкенттік команда чемпионат пен Қазақстан Кубогындағы жеңістерінің арқасында матчқа қатысу құқығына ие болды. Андрей Мартин шәкірттері «алтын дубль» жасағандықтан, Суперкубоктың екінші қатысушысы ҚПЛ-2026 күміс жүлдегері, алматылық «Қайрат» болады.
Осылайша, Қазақстандағы жаңа футбол маусымы өткен жылғы чемпиондық атақ үшін таластағы басты екі қарсыластың текетіресімен басталады. Алайда кездесу өтетін күн мен орын туралы ақпарат әзірге инсайдерлік дереккөзге сүйеніп таратылып отыр.
2026 жылғы маусымда шымкенттік және алматылық клубтар Премьер-лиганың алтын медальдары үшін тартысты күрес жүргізді. 30 турдың қорытындысы бойынша «Ордабасы» 68 ұпай жинап, өз тарихындағы екінші чемпиондық атағына қол жеткізді. «Қайрат» маусымды 65 ұпаймен екінші орында аяқтап, жеңімпаздан небәрі үш ұпайға қалып қойды. Чемпионат аяқталғаннан кейін Андрей Мартин командасы ішкі аренадағы сәтті өнерін жалғастырды.
7 қарашада Қазақстан Кубогының финалында шымкенттіктер қызылордалық «Қайсарды» 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Голдарды Сұлтанбек Астанов, Бьорн Йонсен, Давид Абагна және Эльхан Астанов соқты. Бұл жеңіс «Ордабасыға» клуб тарихында алғаш рет «алтын дубль» жасауға мүмкіндік берді. Осылайша команда тәуелсіз Қазақстан тарихында бір маусымда чемпионат пен ел Кубогын жеңіп алған алтыншы клуб атанды.
Енді «Қайрат» чемпиондық бәсекеде жеңіліп қалғаны үшін өзіндік реванш алуға мүмкіндік алады, ал «Ордабасы» 2027 жылды тағы бір жүлдемен бастауға тырысады.