Смаков «Бернлиде» Сатпаевтың жарақат алу себебін айтты
Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны әрі «Атырау» клубының бас бапкері Самат Смаков Қазақстан құрамасы мен ағылшынның «Бернли» клубының шабуылшысы Дастан Сатпаевтың жарақат алу себептері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Дастанның бұл мәселесі Қазақстаннан бастау алады. Мен оның ата-анасына футболшыны қорғау керек екенін айтқанмын. Дастанды... Кезінде Фёдор Черенков пен Марат Измайловты дубльден бастап жастар құрамасы, ұлттық құрама, Чемпиондар лигасына дейін барлық турнирге қоса бергендей, оны да барлық жарысқа сала бастады. Қазір мұның бәрі жарақат түрінде көрініс тауып отыр. Әрине, 17-18 жастағы баланы барлық жерде ойнатты, ал мұның зардабы қазір жарақат ретінде білінуде», - деді Самат Смаков Алматыда өткен QJL Awards марапатының кулуарында.
Еске салайық, Дастан Сатпаев жарақатына байланысты Чемпионшиптегі соңғы бірнеше клубтық матчқа қатыса алмады. Сол себепті шабуылшы Ұлттар лигасында Молдова мен Словакияға қарсы өткен матчтарда Қазақстан құрамасына көмектесе алмады.
Сатпаевтың Чемпионшип аясында «Блэкбернге» қарсы матчта алаңға оралуы мүмкін. Ойын 22 қарашада Бернлидегі «Терф Мур» стадионында өтеді және Қазақстан уақытымен 17:00-де басталады.