Елена Рыбакина 2027 жылы қандай чемпиондық атақтарын қорғауы тиіс?
Елена Рыбакина 2027 жылғы маусымды әлемдік рейтингтің көшбасшысы ретінде бастайды. Биыл төрт турнирде чемпион атанған қазақстандық спортшы енді осы жетістіктерін қайталап, рейтингтегі бірінші орнын сақтап қалуға күш салады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алдағы маусымда Рыбакинаға бірден төрт чемпиондық атағын қорғауға тура келеді. Олардың қатарында Australian Open, US Open, Штутгарт және Нинбо турнирлері бар.
Ең алғашқы маңызды сынақ қаңтар айында Австралияда өтеді. 2026 жылы Мельбурнде топ жарған Елена финалда Арина Соболенконы 6:4, 4:6, 6:4 есебімен жеңген болатын. Бұл жетістік қазақстандық теннисшіге 2000 рейтингтік ұпай әкелді.
Көктемде Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында өткен WTA 500 турниріндегі чемпиондығын қорғауға тырысады. Биыл ол шешуші кездесуде чехиялық Каролина Муховадан 7:5, 6:1 есебімен басым түсіп, қоржынына 500 ұпай қосты.
Ал қыркүйекте Еленаны Нью-Йорктегі US Open күтіп тұр. Қазақстандық спортшы 2026 жылғы финалда Соболенконы тағы бір мәрте жеңіп, мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға» титулына қол жеткізді. Бұл жеңісі үшін де оған 2000 ұпай берілді.
Жыл соңына қарай Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласындағы WTA 500 жарысында чемпиондық атағын қорғауы қажет. Биылғы финалда ол канадалық Лейла Фернандесті 6:2, 6:2 есебімен ұтып, тағы 500 рейтингтік ұпай жинаған еді.
Осылайша, төрт турнирдегі жеңісі қазақстандық теннисшіге жалпы 5000 рейтингтік ұпай әкелді. Оның 4000-ы «Үлкен дулыға» жарыстарына, қалған 1000-ы WTA 500 санатындағы екі чемпиондыққа тиесілі.
WTA ережесіне сәйкес, рейтингтік ұпайлар белгілі бір мерзім өткеннен кейін есептен шығарылады. Сондықтан Рыбакина 2027 жылы осы жарыстарда бұрынғы нәтижелерін қайталай алмаса, жинаған ұпайларының бір бөлігін жоғалтуы мүмкін. Алайда олардың орнына жаңа турнирлерде жинаған ұпайлары есептеледі.
Бұл жағдай әлемдік рейтингтегі бірінші орын үшін күреске де әсер етуі ықтимал. Рыбакина тек чемпиондық атақтарын қорғап қана қоймай, өзге жарыстарда да тұрақты нәтиже көрсетуі тиіс.
Еске салайық, 2026 жылы Елена 54 кездесуде жеңіске жетіп, төрт титул иеленді. Ол алғаш рет WTA рейтингінің көш басына көтеріліп, жылды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтайтынына кепілдік алды.
Енді қазақстандық теннисшінің алдында жаңа міндет тұр. Биыл бағындырған белестерін сақтап, әлемдік теннистегі көшбасшылығын жалғастыру.