Қазақстан — Молдова матчының төрешісі белгілі болды: ол бұл құрамалардың ойындарын бұрын да басқарған
УЕФА-ның төрешілер органы Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі Қазақстан мен Молдова құрамалары арасындағы үшінші тур матчының төрешісін таңдады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Төрешілер бригадасы толықтай румыниялық болады. Оны 38 жастағы Мариан Барбу басқарады. VAR жүйесімен жұмыс істеуге де румыниялықтар — Адриан Костреле мен Андрей Кивулете жауап береді. Барбу екі құрамаға да жақсы таныс, өйткені оның төрешілік тәжірибесінде осы командалардың матчтары бар.
- Сондай-ақ оқыңыз: Қазақстан құрамасының көшбасшысы Молдоваға қарсы ойнамайды
Дәл осы төреші Ұлттар лигасының өткен маусымында Қазақстан мен Аустрия құрамалары арасындағы матчты басқарған. Ол ойында Александр Марочкин жылдам алаңнан қуылып, австриялықтар 2:0 есебімен жеңіске жеткен.
Барбу молдовалықтарға одан да жақсы таныс: ол олардың екі матчын басқарған, алайда екеуі де жолдастық кездесу болған — Әзербайжанға қарсы (1:0) және Кипрге қарсы (2:3). Соңғы матч жақында ғана, 2026 жылдың наурыз айында өткен.
Еске салайық, Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі Қазақстан мен Молдова құрамалары арасындағы үшінші тур матчы жұма, 2 қазанда сағат 19:00-де Астанадағы «Астана-Аренада» өтеді.
