«Астананы» соңғы сәтте құтқарып қала ма? Ірі бизнес клубқа келуі мүмкін
Елорда футбол клубы «Астананың» болашағына қатысты күтпеген жаңалық пайда болды. AmanVIBE Telegram-арнасының мәліметінше, клубтың қаржылық тұрақтылығын сақтап қалуда BI Group құрылыс холдингі маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Дереккөздің хабарлауынша, соңғы екі тәулікте бұл ақпарат бірнеше бағыттан расталған. Бұған дейін BI Group «Астананың» мәселесіне қатысы жоқ екенін ашық айтып келген еді. Алайда қазір холдинг басшылығында жағдайды қайта бағалап, клубты қолдаусыз қалдыру жүйелі дағдарысқа әкелуі мүмкін деген қорытындыға келген.
Әзірге клубты толық сатып алу немесе басқару құрылымына кіру туралы әңгіме жоқ. Дегенмен BI Group «Астананың» негізгі серіктестерінің біріне айналып, қаржылық жүктеменің бір бөлігін өз мойнына алуға дайын екені айтылуда. Алдағы уақытта келіссөздердің нақты форматы мен ынтымақтастық моделі белгілі болады деп күтілуде.
Еске салайық, бұған дейін «Астананың» басты инвесторы - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры клубты қаржыландыруды толық тоқтатуды жоспарлап отырғаны хабарланған. Өткен маусымда қор команда бюджетіне шамамен 3 миллиард теңге бөлген еді, алайда бұл қолдау енді жалғасын таппауы мүмкін.
Спорттық тұрғыда да елордалық клуб үшін маусым ауыр өтті. ҚПЛ-2025 қорытындысында «Астана» 57 ұпаймен екінші орын алып, чемпиондықтан тағы бір мәрте қағылды. Осылайша, команда екі жыл қатарынан алтын медальға жете алмады.