«Барыс» – «Салават Юлаев». Онлайн көру. LIVE-көрсетілім
Астаналық «Барыс» 9 қыркүйекте ҚХЛ-дың жаңа маусымындағы екінші матчын өткізеді. Елордалық клуб өз алаңында Уфаның «Салават Юлаев» командасын қабылдайды, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Барыс» чемпионатты өте сәтті бастады. Маусымдағы алғашқы матчында астаналықтар Новосібірдің «Сибирін» өз алаңында 7:1 есебімен ойсырата жеңді.
Сол кездесудің басты қаһармандарының бірі Джастин Бэйли болды. Ол дубль авторы атанды. Сондай-ақ Всеволод Логвин, Дінмұхамед Қайыржан, Семен Симонов, Чейз Приски және Гарретт Пилон бір-бір шайбадан соқты.
Ал «Салават Юлаев» Астанаға дейін жаңа маусымда екі матч өткізіп үлгерді. Алдымен Уфа клубы сырт алаңда «Северстальді» 3:2 есебімен жеңсе, кейін «Авангардтан» 4:0 есебімен басым түсті.
Осылайша, екі команда да жаңа маусымда әзірге жеңіліс көрген жоқ. «Барыс» үшін бұл матч сәтті басталған серияны жалғастырып, қатарынан екінші рет өз алаңында жеңіске жетудің мүмкіндігі болмақ.
Кездесу Астанада өтеді және Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады. Матчты тікелей эфирде Qazsport телеарнасы көрсетеді.