«Астанаға» қарсы аз құрамда ойнаған басқа командаларды көрер едім». «Қайрат» капитаны дағдарыс бар-жоғын айтты
«Қайрат» капитаны Александр Мартынович Sports24.kz сайтына берген эксклюзивті пікірінде команданың соңғы матчтардағы «ойын дағдарысы» туралы ойын айтты.
«Біз қатарынан 10 рет жеңіске жеттік. Жарайды, кейін «Тобылдан» жеңілдік, ал «Астанаға» қарсы матчта бүкіл ойын бойы аз құрамда ойнадық. «Тобылмен» өткен кездесуде сәтсіз ойын болды деуге болатын шығар. Бірақ «Астанаға» қарсы бесінші минуттан бастап аз құрамда ойнаған басқа командаларға қарар едім — олардың жағдайы қандай болар еді? Сондықтан қандай да бір дағдарыс туралы айту қиын шығар. Дегенмен, кез келген жағдайда гол соғу оңайға түспей тұр, бірақ жаңа (жеңісті) серияны бастадық, солай жалғасады деп үміттенемін», — деді Мартынович.
Сары-қаралылардың капитаны команда Еурокубок ойындарының басталуына қандай күйде жақындап келе жатқанын да айтты — қазан айында «Қайрат» Конференциялар лигасында сырт алаңда «Ригамен» және өз алаңында «Панатинаикоспен» ойнайды. Оның пікірінше, ұлттық құрамалардың ойындарына байланысты болған 20 күндік ұзақ үзіліс командаға әсер етуі мүмкін, ал жаттықтырушылар штабының міндеті — ойыншылардың физикалық жағдайын оңтайлы деңгейге жеткізу.
Еске салайық, 10 қазанда ҚПЛ-дің 28-туры аясындағы матчта «Қайрат» Алматыда талдықорғандық «Жетісуды» қабылдады. Кездесу алаң иелерінің 1:0 есебімен жеңуімен аяқталды. Матчтағы жалғыз голды ойын соңында Марк Гуаль соқты.
Осы жеңістен кейін «Қайрат» 60 ұпай жинап, көшбасшыдан бір ұпайға қалып, екінші орында қалды.
Алматы клубының чемпиондық титул үшін күрестегі бәсекелесі «Ордабасы» өз матчын 11 қазанда сырт алаңда «Қайсарға» қарсы өткізеді.