Алонсо Винисиусқа бағытталған ысқырық туралы: «Жанкүйерлердің өз пікірін білдіруге құқығы бар»
Мадридтік «Реалдың» бас бапкері Хаби Алонсо Ла Лиганың 17-турында «Севильяға» қарсы өткен жеңісті матчтан (2:0) кейін Винисиус Жуниордың ойынына жанкүйерлердің реакциясына пікір білдірді.
Кездесу барысында жанкүйерлер бразилиялық вингерге ысқырып, бұл эпизод кеңінен талқыланды.
Алонсоның айтуынша, жанкүйерлер алаңдағы жағдайға қатысты өз көзқарасын ашық білдіруге құқылы, әсіресе команда үшін қиын кезеңде. Бапкер ойынның ауыр өткенін, ал жалпы суретке құрамдағы жарақаттардың әсер еткенін атап өтті.
«Жанкүйерлер — егемен халық, эмоцияларын көрсетуге толық құқылы. Матчтың күрделі болуына оның қалай өрбігені әсер етті. Жетілдіру керек тұстар бар, бірақ мен болып жатқан жағдайды құрамдағы жарақаттарды назарға алып бағалаймын. Қазір біз үшін үзілісті тиімді пайдаланып, қалпымызға келіп, жаңа жылды одан да мықты бастау маңызды. Бұл тақырыпты ойыннан кейін талқылаған жоқпыз», – дейді Алонсо «Реалдың» ресми сайтына берген сұхбатында.
Винисиус алаңда 83 минут ойнады, одан кейін алмастырылып, нәтижелі әрекетпен көзге түспеді. Ойыншы алаңнан кетіп бара жатқан сәтте трибуналар тағы ысқырықпен жауап қатты. Финалдық ысқырықтан кейін бразилиялық футболшы әлеуметтік желідегі профиліндегі суретті өзгертіп, «Реал» жейдесіндегі фотосын алып тастап, орнына ұлттық құрамадағы киіміндегі суретті қойды.
Айта кетейік, 25 жастағы вингер қазан айының бірінші жартысынан бері гол соға алмай жүр, бұл оның қазіргі формасына және ойыншы төңірегіндегі көңіл күйге назардың артуына себеп болып отыр.
Сондай-ақ Мбаппе Роналду рекордын қайталады.