«Боксшылар тойып кетті»: сарапшы Асылқұловтың Азиада-2026-ның 1/8 финалында жеңілуіне қатысты пікір білдірді
Қазақстандық спорт сарапшысы әрі комментатор Исатай Мади Sports24.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының алғашқы айналымында Оразбек Асылқұловтың жеңіліске ұшырауына қатысты пікір білдірді.
Ерлер құрамасы алғашқы үш күнде екі боксшысынан — Сабыржан Аққалықов пен Оразбек Асылқұловтан айырылды. Екі спортшы да Оңтүстік Корея өкілдерінен жеңіліп қалды.
«Боксшылар тойып кетті»
«Оңтүстік Кореяның екі боксшысына да жеңіліп қалдық, мұның өзінде бір себеп бар шығар. Менің ойымша, кейбір құрамалар дәл Азия ойындарына басымдық берді, ал басқа турнирлер олар үшін біздегідей маңызды болмаған. Біз үшін Азия ойындары да, Азия чемпионаты да маңызды болды, сондықтан ол жарыстарға негізгі құрамды жібердік. Бәлкім, боксшылар тойып кеткен шығар. Оған қоса, Америкада өте көп оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Оның да жақсы және жаман жағы бар: уақыт белдеуі мүлде бөлек, климат та Жапониядан өзгеше. Осы факторлардың барлығы бір-біріне әсер етіп, осындай нәтижеге әкеліп отыр».
Қазақстан Азиада-2026-да екі боксшысынан айырылды
Еске салайық, Аққалықов 2026 жылғы жазғы Азия ойындарындағы жарысын 1/8 финалда күтпеген жерден аяқтап, оңтүстіккореялық Ким Минсенге есе жіберді. 24 жастағы боксшы 2025 жылы Дубайда өткен IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдегері, сондай-ақ 2021 жылы Польшаның Кельце қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионы атанған.
Ал Асылқұлов та 1/8 финалдан аса алмай, Чан Дон Хваннан жеңіліп қалды. 29 жастағы спортшы — 2025 жылғы әлем чемпионы және 2026 жылғы Азия чемпионы.
Ұлттық құраманың тағы төрт боксшысы Азиададағы жарысын жалғастырып жатыр. Төрехан Сабырхан алғашқы жекпе-жегінде Катар өкілі Мұхаммед Дбчиді жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Ал Нұрбек пен Айбек Оралбай, сондай-ақ Махмұд Сабырхан өз жекпе-жектерін 26 және 27 қыркүйекте өткізеді.